Жангелді Бимолдин: 7 млн-нан астам парақ цифрланды
Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдинмен архивтің 30 жылдығы қарсаңында тілдескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Құрметті Жангелді Бержанұлы, ең алдымен уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Жалпы, архив тарихы қай кезеңінен бастау алады? Алғашқы әңгімені осыдан бастайықшы?
— Архив саласы – мемлекет пен қоғамның тарихи жадысын сақтауда аса маңызды рөл атқаратын сала. Астана қаласы мемлекеттік архиві – елорданың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, жинақтау және қолжетімді ету бағытында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан мекеме.
Біздің архивтің түп тамыры тереңде жатыр. Алдымен айтар болсақ, 1920-1928 жылдары қала Ақмола губерниясының орталығы, 1939 жылы Ақмола облысының орталығы, 1950 жылы Тың өлкесінің орталығы болып жұмыс істеді. Ал, өз алдына яғни Астана қаласының мемлекеттік архиві болып 1995 жылы құрылды. Архивте 1915 жылдан бергі құжаттар бар. Мұның тамыры тереңде деп отырғанымның себебі сол еді. 1995 жылы құрылғаннан бері, қала тарихымен тығыз байланысты құжаттарды жинақтап, оларды ғылыми айналымға енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бүгінде қорымызда әкімшілік, әлеуметтік, мәдени, білім беру және басқа да салаларға қатысты көптеген құжаттар сақтаулы тұр. Бұл құжаттар – тек ресми жазбалар ғана емес, сонымен қатар елордамыздың қалыптасу жолынан сыр шертетін құнды дереккөздер.
– Архив құжаттарын цифрландыру жөнінде не айтасыз?
— Біз үшін басты міндеттердің бірі – архив құжаттарын цифрландыру және қоғамға ашық болу. Соңғы жылдары заманауи технологияларды енгізу арқылы цифрлық архив құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде зерттеушілерге, студенттерге және қала тұрғындарына архив материалдарына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы 70 мыңнан аса сақтау бірлігі болса, 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін 7 миллионнан астам парақ цифрланды, яғни сканерлеуден өтті деген сөз. Тағы бір тілге тиек етерлігі біздегі құжаттар қазақ, орыс, араб тілдерінде сондай-ақ, латын және кириллица жазуымен берілген. Мұнда неміс, татар тілінде жазылған құжаттар да кездеседі. Айталық, бүгініг атңда 773 қор, 411 мың 255 сақтау бірлігі бар. Құжаттардың көп бөлігі тұрғындардың еңбекке құлшынысын, кәсіпорындарды қабылдау мен орналастыру фактілерін, Ақмоланың саяси, шаруашылық және мәдени өмірін айғақтайды. Архивтерді толықтыру бойынша 112 жеке тектік қор жинақталған. Бұл Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мәдениет және өнер қызметкерлері, спортшылар, журналистер, жазушылар мен ғылым қайраткерлері және елорданың дамуына елеулі үлес қосқан өзге де танымал тұлғалар. Сонымен қатар архив базасында аса құнды құжаттарды қалпына келтіру зертханасы жұмыс жасайды.
– Архив жұмысы сырт көзге бірқалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл саланың да заманауи трендтері бар шығар?
–Архив ісі – динамикалық түрде өзгеріп жатқан сала. Әлемдік тәжірибеде қазір «ашық архив» ұғымы алдыңғы қатарға шықты. Яғни, құжаттар тек сақтау нысаны емес, олар қоғамдық пікір қалыптастыруда, тарихи сананы нығайтуда маңызды құралға айналып отыр. Біз де осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Жастармен жұмыс – біздің басты назарымызда. Университет студенттері, мектеп оқушылары арасында экскурсиялар, танымдық сабақтар өткіземіз. Себебі біз архивті — қоғаммен тығыз байланыстағы тірі орта деп түсінеміз.
– Заманауи архив қандай болуы керек деп ойлайсыз?
Қазіргі архив – тек қойма емес. Бұл – ашық, цифрланған, қолжетімді ақпарат кеңістігі. Соңғы жылдары біз цифрлық архив жүйесін белсенді түрде дамытып келеміз. Қазірдің өзінде әр құжат цифрлық форматқа көшірілді. Бұл зерттеушілер мен азаматтардың ақпаратқа тез және оңай қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Соған орай біз архив саласының имиджін жаңғыртуға тырысамыз. Халықпен жұмыс, ашық көрмелер, жастарға арналған танымдық жобалар – біздің күнделікті қызметіміздің бір бөлігі.
– Архив саласының қоғамдағы орны туралы не айтар едіңіз?
Архив – бұл тек өткеннің айнасы емес, болашаққа бағдар беретін құрал. Бүгінгі таңда тарихи сана қалыптастыру, дереккөздерге негізделген шынайы ақпарат тарату – архивтер арқылы жүзеге асып келеді. Кейде архив қызметі көзге көрінбей қалуы мүмкін, алайда оның артында үлкен еңбек, кәсіби ізденіс, тарихи жауапкершілік тұр. Біз – уақыттың үнсіз куәгерлеріміз. Әрбір құжаттың артында адамның тағдыры, ұлттың тарихы жатыр.
– Сіз үшін архив ісі нені білдіреді?
Мен үшін архив – бұл міндет пен сенім. Бұл – өткенге деген құрмет, келешек алдындағы жауапкершілік. Архив – ұлттың жады. Ал сол жадыны сақтау – үлкен рухани миссия. Әріптестеріммен бірге біз осы миссияны адал орындап келеміз деп айта аламын.
– Архивтің алдағы жоспары жайында айта кетсеңіз?
— Биыл архивтің өз алдына құрылғанына 30 толып отыр. Осыған байланысты «ASTANA ARCHIVE FEST-2025» халықаралық форумы аясында «Қазіргі қоғамдағы архивтің рөлі» шарасын ұйымдастуды қолға алдық. Қазір тығыз әрі шұғыл жұмыстар атқарылып жатыр. Көрші мемлекеттерден қонақтар келеді деп күтіп отырмыз. Мұнда көптеген мәселелер, тыңнан түрен салатын идеяларды қалыптастыра аламыз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Баубек Қажиев