Қорқыт мұрасы – түркі әлемінің ортақ құндылығы ретінде халықаралық деңгейде талқыланды
Бүгін Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ауқымды жиынға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды бауырлас елдерден және Қазақстаннан келген ғалымдар мен мәдениет саласының өкілдері, зерттеушілер қатысты. Конференцияны ұйымдастыруға «Түркі мәдениеті және мұрасы» қоры мұрындық болды. Қор президенті Ақтоты Райымқұлова арнайы шақырылған меймандар қатарында болды.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы бекіткен «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжаты аясында ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды ұлықтау бағытындағы бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
**«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенім мен бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау»*, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сонымен қатар, ол Қорқыт ата мұрасының түркі халықтарына ортақ рухани негіз екенін атап өтті:
«Қорқыт ата – түбі бір түркі халықтарына ортақ рухани тұлға, ел бірлігі мен мәңгілік өмір идеясының символы. Оның даналығы, мұрасы, тағылымы ғасырлар бойы рухани тірегімізге айналып, ұлт пен ұрпақтың жадында сақталып келеді. Бүгінде Қорқыт мұрасын зерттеу – өткенді тану ғана емес, болашағымызға бағытталған рухани миссия. Осы мақсаттағы ғылыми ізденістер мен халықаралық байланыстар түркі халықтарының мәдени тұтастығын нығайтуға, рухани үндестігін арттыруға зор үлес қосты», – деді облыс әкімі.
Халықаралық конференцияда бірқатар беделді тұлғалар мен ғалымдар сөз сөйледі. Атап айтқанда, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Фольклор институтының директоры Хикмет Кулиев, Қырғызстан Ұлттық Ғылым академиясының жетекші ғылыми қызметкері Жылдыз Орозобекова, Өзбекстан ҰҒА Ә.Науаи атындағы мемлекеттік әдебиет музейінің директоры Жоппор Эшонқұлов, Қажы Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры Мехмет Чевик, этномузыкатанушы Фикрет Каракая және отандық белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлері Қорқыт мұрасының маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Қазақстан тарапынан Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анарбай Бұлдыбай, Қызылорда университетінің профессоры Алмас Алматов, филология ғылымдарының кандидаты Рақыш Жұмашай және өнер академиясының доценті Ұлжан Байбосынова ғылыми тұжырымдарымен бөлісті.
Айта кетейік, 2018 жылы Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген болатын. Бүгінде ұлы баба мұрасын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені туристердің жиі баратын орнына айналса, Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына» арналған аллея жаңғыртылып, халық демалатын кеңістікке айналды.
Сондай-ақ, Қорқыт ата халықаралық әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілді. Ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларды халықаралық деңгейде таныту үшін ТҮРКСОЙ ұйымы, Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі және Ұлттық музеймен бірлескен жобалар іске асуда. Қазба жұмыстары негізінде табылған «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» сынды тарихи тұлғалардың мүсіндері қайта жаңғыртылып, ғылыми айналымға енгізілді.