«Қауырсын қалам» айдарының келесі қонағы —
Гүлзада Жауылбаева. Ол 1996 жылы 26-шы қарашада БҚО, Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм ауылында өмірге келген. Қазіргі уақытта аудандық мәдени-демалыс орталығында әдіскер болып еңбек етеді. Жас таланттың жазбаларын назарыңызға ұсындық.

 

ӨМІРДЕГІ ГҮЛЗАДАҢЫЗ ӨЗГЕ АДАМ…

Өртеніп шіліңгір шілдедей,
Сезімді сезбеген шын кедей.
Жүрекпен тілдесіп екеуміз,
Отырсақ қайтеді үндемей!

Болсын да адыра, сөз ада,
Таң атсын көзбенен бозара,
Байланып салалы тамырлар,
Саусақтар ымдассын өзара!

 

Үндеме! Алсыншы жан тыныш,
Естілсін әрбір дем, әр тыныс.
Жалғасын екеудің арасын,
Еш заңға бағынбас тартылыс.

Оқталма! Ақталма! Түк деме!
Керегі жоқ оның түкке де.
Махаббат сыйлайық одан да,
Жүрекке жасамай жүктеме!

Үн-түнсіз, отыршы құшып-ақ,
Беймәлім бір күйге ұшырап.
Көзіңнен ұқпайтын жандарға,
Айтылған сөздер де ысырап!

***

Сенім!

Әр өлеңім — өз балам!
Алпыс екі тамырымды қозғаған!
Оқығанда аспан шытып қабағын,
Бірге күліп, бір жылайды боз далам!
Онда менің қайғы-налам қоздаған,
Онда менің көз жасым бар боздаған.
Онда менің мұқалмаған жігерім,
Онда менің төзімім бар тозбаған.
Жырда және несібем де, барым да,
Тостағына біреудің қол созбағам.
Құлағыма сыбырлайды бір тылсым,
Арасынан ең қуатты сөзді алам.
Мен өлеңде өмір сүрем, күн кешем.
Өмірдегі Гүлзадаңыз өзге адам.
Күні ертең ақ өлең сүйген ұрпаққа,
Айтылатын тарау-тарау сөз болам!
Мен бағамды сұрамаймын бүгіннен!
Болашақтың еншісінде өз бағам!
Ұлы ақындар туған! Озған өмірден!
Бірақ Өлең озбаған!

***

Елесі қылаң беріп шырын шақтың,
Ұрғылайды кеудемді ұрыншақ мұң.
Қайран қамсыз балалық қалдың ба сен?
Тасасына тығылып тұлымшақтың.

Есейдім де, ес кірді, тоқтады ақыл,
Балаң сезім бұлқынып ноқтада тұр.
Ғажайыпқа ынтыққан ғазал жүрек,
Ғайып болған жылдарды жоқтама құр.

Думан дәурен балауса, бал тамызған,
Айнымайтын әр сәті жалқы аңыздан.
Әжем сипап жатқанда аңғардым ба,
Өмір күнде қақпасын арқамыздан!

Бар екенін зәредей сорақылық,
Аңдамасаң, адымда тола құрық,
Біліпті ме ол жайлы?
Атасының,
Етегінде өскен қыз оратылып.

Сәби жаның ешкімді шет көрмеген,
Жек көрмеген, кінә артып, кектенбеген.
Көз ашылып, көкірек оянғалы,
Көзімді ашпай келемін бетпердеден.

Дос-дұшпанды білгенше шын айырып,
Құлдилайды сөнердей, құлай үміт,
Мәңгі қалып қойған-ау, келмей мұнда,
Іздей-іздей шаршадым — Шынайылық,

Уақыт солай тақымға өңгереді,
Көкпардаймын аунаған көмбедегі.
Көлеңкесін сағынып көктем шақтың,
Кісінейді көңілдің көк дөнені.

Ерік беріп қиялдың желкеніне,
Әжем айтқан жатарда тентегіне,
«Өкінішсіз», «Бақытты аяқталған»,
Әлі сенгім келеді ертегіге.

Тарылғанда кеудемнің кең қамалы,
Өткенімнен өлеңім дем табады.
Көшіп кеткім келеді, балаң кезге,
Көз алдымнан көшкенде ленталары!

**

Жаз бейнесін әп-сәтте тонады да,
Ұқсатып «Сағыныштар» одағына.
Саулатып жапырақтан шашу шашып,
Күз жайғасты Жайыққа, Оралыма!

Көп ұзамай ақ көрпе жабады бау.
Күзін қимай көңілі жаралылау,
Тіршілікті елемей, ой үстінде,
Сілтідей боп тынып тұр қала мынау!

Қоңыр баққа қиялым жортады анық.
Сиқырлы жел билейді ортаға алып,
Пенденің кірпік қаққан ғұмырындай,
Қарашада қалыпты орталанып.

Қарбалас қала сырын жатыр бүккен,
Күйзелістен күйреп жүр ақын біткен.
Шаттығын күзгі дауыл шайқағандай,
Алмағандай ғашықтан хатын күткен.

Жылы жаққа құс қайтты тізбек ала,
Шабыттан, солар салған ізге қара.
Көзді арбайтын өміршең туындылар,
Туындайтын секілді күзде ғана!

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *