Құрбандық шалу Ибрагим пайғамбардан бері қарай шықты деген түсінік бар. Негізі бұл қасиетті ұғым – Адам ата дәуірінен бері қарай келе жатқан ғибадат.

Өзара таласы бар Абыл мен Қабыл ақтығын дәлелдеу үшін мал құрбандығын шалады. Ақырында Абылдың құрбандығы қабыл болады. Бұл туралы Құран кәрімнің «Мәида» сүресінде айтылған. Осылайша, Аллаға ғибадат ретінде құрбандық шалу Жаратқанның елшілері арқылы жалғасып, Ибрагим пайғамбар дәуіріне жеткен.

Мұның бір бәріміз маңдай тірейтін оқиғасы бар.

Ибрагим өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, Алла Тағалаға жалбарынады. Бұл тілегі өзі қартайып, үміті үзілгелі тұрған шақта орындалады. Зарығып күткен перзентіне Исмаил деп ат қояды.

Сәби сөйлеген сөзінен шырын аққандай қылықты, сүйкімді болып өседі. Бір күні Ибрагим түсінде өз баласын құрбандыққа шалғалы жатқанын көріпті. Мұның Жаратушыдан келген аян екенін түсінген Ибрагим шынында да баласын құрбандыққа шалуға бекінеді.

Кім өз баласын өз қолымен өлімге қисын. Бірақ Алланың берген жа­ны Ал­лаға аманат. Ибрагим бала­сына елжі­рей қарайды. Бала­ның әкесі үшін мұн­шалықты ыс­тық, мұн­­шалықты қымбат екені дәл сол сәтте тіпті ерекше сезіледі. Көңіліндегі жайды бала­сына біл­дірмек болғанда тілі күр­ме­ліп бір ауыз сөз айта алмай кібір­тек­тей­ді. Өзі-өзін қолға алып, Алла­ның әмірі орындалуы тиіс деген ойға қай­та орнығады. Ақырында бұл жайды ба­ла­сына  айтады. Сонда Исмаил: «Әке, Ал­ланың бұйрығын орын­да, тартынба!» деп бұйрықтың Хақ Тағаладан екенін ұғынып пышаққа тама­ғын тосады. Бі­рақ қайралған пышақ жеме-жемде өт­пей қалады. Осы кезде өзінің әміріне то­лықтай мойынсынған Ибрагимге Ал­ланың аяны келеді: «Әй, Ибрагим, сен көрген түсіңе адалдық та­ныттың, мін­детіңді орындадың. Ис­маил­дың ор­нына құрбандыққа қош­қар түсір­дім. Біз жақсы құлдарды осылай мара­пат­таймыз!»

Құран сөзіне кәмілміз. Дегенмен, бұл оқиға болды ма әлде пайғамбардың адам тәрбиесі үшін айтылған тәмсілі ме, ол жағын айырардай екідүниелік ілімім жоқ.

Алла үшін әрине, сойылған мал да, оның еті де қажет емес. Алла мұңсыз, мұқтажсыз. Алла Тағалаға өзі жаратқан пендесінің ағадал пейілі жеткілікті. Сол үшін Алла адамға күллі әлемнің билігі мен байлығын беріп қоямын десе де ерікті.

Сөз жоқ, Ибрагим қартайғанда ба­сыр жанары ашылғандай хәлде көрген бала­сын ерекше жақсы көретін. Ал Ал­лаға деген махаббат балаға деген ма­хаббаттан басым болуы керек еді. Алла соны ұқтырды. Алла жолы, Алла үкімін орындау басқа дүниелік нәрсенің бәрінен де ұлық.

Құранда құрбандығымыздың еті де, қаны да Аллаға жетпейтінін, Аллаға біз­дің тақуалығымыздың ғана жететінін айтқан.

Құрбандық шалудағы ең маңызды жайт – малды Алланың атына арнап сою. Одан өзі де жеу, жоқ-жітікке де жегізу. «Пақырды тойдырыңдар» деген бұйрық құрбандық еті байларға берілмесін деген түсінік тудырмайды.

Осы жақсылықты нәсіп еткен Раззақ Жаратушыны естен шығармауға тиіспіз.

Құрбан айттың адамдарды рухани тазаруға, сабырлық пен шүкірлікке, жақ­сылық пен мейірімділікке бастайтын күн екіндігінің мәнін ұғуымыз керек. Бұл мейрамда адамдар арасында достық пен бауырластық нығая түседі. Қазақ халқы үшін де Құрбан айт – береке мен бірліктің, дін мен дәстүрдің сабақтастығын білді­ретін ерекше мейрам. Биыл бұл мейрам 6 маусым, жұма күніне тұспа-тұс келіп отыр.

Енді өз көзімізбен көргенімізден сөйлейік.

Құрбандық шалуды жарысқа айнал­дырып жіберген жайымыз бар. Тіпті мал алу үшін қарызға батып жатқандар да жетеді. Өйткені оған құрбан шалды деген дәреже керек. Құрбан шалмай қатарынан қалу ол үшін ұят.

Шын мәнінде қалай? Бұл жөнінде «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас има­мы Дастан Құрманбаевтың осы Құрбан айт қарсаңындағы журналистерге берген сұхбатын келтіріп өтейік.

– Құрбан шалудың үкіміне келетін болсақ, бұл ең алдымен дәулетті мұ­сыл­мандарға міндет болып есепте­леді. Дәулетті мұсылман дегеніміз – ша­риғат тілімен айтқанда 85 грамм алтын­ды құ­райтын артық қаражаты бар мұ­сыл­ман. Ол – бүгінде 2 млн 746 мың теңге. Немесе 40 қой, болмаса 30 сиыр, 5 түйеге жететін малы бар адамдарға құрбан шалу міндет болады. Ал қалған дәрежедегі адамдарға міндет емес. Алай­да, өз еркімен сауап алам деген ниетте құрбан шалам десе, әрине қабыл етіледі, – дейді бас имам.

Сонымен бірге кез келген жерде құр­бандық шалу да дұрыс емес. Құр­бан айт мерекесі аясында жергілік­ті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастыру жұ­мыс­тары жүргізілді. Құрбан шалу орын­дарында санитариялық талаптарды сақ­тау, діни ахуалдың тұрақтылығына бай­ланысты аймақ басшысының нақ­ты тап­сырмалары бар. Бұл күндері қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті құқық қорғау органдары та­рапынан мешіттер мен белгіленген құр­бан шалу орындарында арнайы рейд жүр­гізіледі. Белгіленбеген жерлерде құр­бан шалуға қатаң тыйым салынбақ.

Бұл жөнінде облыстық дін істері бас­қармасының басшысы Мира Қазбекова баян етті.

Айналып келгенде айтпағымыз Құр­бан арап тілінде «жақындау» деген ма­ғына береді екен. Ендеше сауапты істе­ріміз арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсейік. «Сен маған бір қа­дам бассаң, мен саған қарай екі қадам ба­самын. Сен маған қарай екі қадам бас­саң, мен саған қарай жүгіремін» деген Жаратушы Ие.

Жаратылған пендесін осынша жақ­сы көретін Хақ қазір біреулер айтып жүр­гендей, балаңды құрбандыққа шал деген жоқ, жақсылықпен марапаттады. Бұл жердегі оқиға адамдарды ізгілікке үндеу үшін орайластырылған даналық болып табылады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *