Ардақты ұстаз Аягөз Құжамұрзақызы 50 жаста!
Бүгін біздің әріптесіміз, магистр-аға оқытушы, танымал журналист Аягөз Қожамұрзақызының мерейлі сәті — 50 – көктемі.
Аягөз кеше ғана университетке оқытушы қызметіне келген еді, міне бүгін 30 жыл уақытты артқа тастап 50-деген еңселі жасқа да келіп қалыпты. “Келіншектің бетін кім ашса сол ыстық”-деген тәмсіл бар. Мен сол кезде кафедра меңгерушісі болатынмын. Жас маманды жұмысқа қабылдап, ақыл-кеңес бере отырып, қатаң талап та қоя білдік. Әртүрлі ескертпелер жасап: “Бұл педагогикалық оқу орны болғандықтан, киім-киістерің, жүріс-тұрыстарың талапқа сай болуы керек. Журналиспін деп еркінсіп кетпеңдер”-деген ескертпелерімді қабылдап, өзінің тәрбиелі ортада өскендігін көрсете білді.

Қанша жыл өтседе менің көз алдымда орта бойлы, қара торы көзі оттай жанған, өзінің сергек қалпын сақтаған сол бейне әлі 20 жастағыдай көрінеді де тұрады.
Құрметті, Аягөз Қожамырзақызы бүгінгі мерей той күні Сізге бақыт, қуаныш пен рухани үйлесімділік тілеймін. Сені тек адал, мейірімді, ақкөңіл адамдар қоршап алсын! Бойыңдағы шығармашыл күш қуат, еңбекқорлық пен рухани байлық әрдайым жаңа белестерге бағындыра бастасын!
Елу деген — ердің жасы еңселі
Елу деген — парасаттың өлшемі, – дегендей бүгін парасаттың биік белесіне шығып, белгі салып жатқан Аягөздің өмір деректеріне тоқтала кетейік.
Әбдіразақова Аягөз 1975 жылы 16 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышы, Шәмшідей сазгер, Мұхтар Шахановтай ақын, Көпен Әмірбектей сатириктің кіндік қаны тамып, із қалдырған жері, А.Яссауидің ұстазы болған бабтардың бабы Арыстан баб жерленген киелі де, қасиетті мекенде дүниеге келген.
Аңыздардан аты қалған талай ақын жырлаған Отырарды М.Шаханов:
Отқа оранған Отырардан
Қашып шыққын сол баяғы баладан,
Бұл күндері санатты ұрпақ тараған.
Дәуірінің қанатында самғаған,
Сол ұрпақтан шыққан ақын мен болам, -деп жырлағандай бүгінде сол Отырардың мақтанышы қаншама ұрпақ бар десеңіз-ші!?
Әкесі Қожамырза жәй қатардағы жұмысшы болғанымен, еңбегімен елге танылған. «2-ші дәрежелі Еңбек орденінің иегері», аудандық мәслихаттың бірнеше рет депутаты, бір сөзді еңбекқор, ортасына сыйлы жан болыпты. Анасы Ақшайымның отбасында бала болмай, зарығып дүниеге келгендіктен қазақтың ырымы бойынша жеті ошақтың, жеті кемпірдің астынан өткізіп, өмірі ұзақ болсын деп ырымдапты. Осындай үлгілі отбасында дүниеге келген қызына ата-анасы Аягөз деп есім беріпті. Аягөз деген екі сөздің бірігуінен жасалған сөз. «Ая» – айнала, кеңдік дала, «Гөз» — қарау деген мағынаны білдіреді екен. Сөйтіп әртүрлі есімдердің ішінен айналаға, бауырларына мейірімді, ілтипат көзбен қарасын деп, Аягөз атапты. Ата-анасының осы сенімін ақтап, Аягөз бауырларына жол сілтеп, қамқоршы бола білді. Ұжымның руханият саласын дамытуға да ілтипат сөзбен қарады.

Отырар даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанса, Ұлы ел атану – сол жерде өмірге ұлы ұрпақты дүниеге әкелген халқымен мақтанатынын айта кеткеніміз абзал. Аягөз, Отырар ауданының Шәуілдір ауылында 1992 жылы Қалдаяқов атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Аталмыш университетті 1996 жылы бітіріп, арнайы жолдамамен әдебиет пен өнердің киелі бесігі Сыр еліндегі іргелі білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқытушы болып қызметке орналасады. Қызылорда Аягөзді жатсынбай бауырына басты, осы жерде тұрмысқа шығып, Нұрбектей жар тапты, отбасының ұйытқысы мақтаулы келін атанып, Нұрсаядай қыз өсіріп ана атанып отыр.2003-2007 жылдары әл-Фараби ҚазҰУ-де журналистика мамандығы бойынша аспирантурада білім алды. 1996 жылдан бүгінге дейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде баспа ісінің магистрі, аға оқытушы қызметін атқарып келеді.
«Елу жылда ел жаңа» — дегендей елу жаста мерейлі той иесі не тындырды, өзін сыйлайтын, бағалайтын ұжым мен студент шәкірттерінің ортасында қандай беделге ие болды деген сұрақтар көп…
Жоғары білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан 30 жыл уақыт ішінде өсіп-өрлеу жолынан өткен жылдарында ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті маман иесі болып танылған Аягөзді әрқашан құрмет тұтамыз. Университетіміздің өркендеуіне өз үлесін қоса отырып, әр жылдар факультет деканының орынбасары, факультет кәсіподақ ұйымының басшысы “Сыр түлегі” газетінің тілшісі”, “Жарасымды жанұя” журналының бас редакторы қызметін атқарды.

Ақыл мен білім, қайрат пен жігер, таным мен тағылымы талай шәкірттің рухани дүниесін байытты. Мыңдаған шәкірттерге журналистиканың қыры мен сырын таныстырып, бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар даярлады. Бүгінде Ұлыбританияда журналистік қызметін атқарып жүрген Ғалымжан Бәйімбетов, АҚШ-та Нұрсұлу Қасымова, Астанада Хабар арнасында Бағдат Әбдіқожаева, Астана телеарнасында Ақерке Биятова, Облыстық телеарнаның директоры Нұрбек Әмиша, Сыр бойы газетінің редакторы Қуат Шарабадинов т.б. белгілі журналистер — Аягөз Әбдіразақованың шәкірттері. Аягөз елге қызмет жасап жатқан шәкірттерімен мақтанса, біздің ұжым Аягөзбен мақтанамыз!
Аягөз Қожамырзақызының ғылымда да өз орны бар. 1996 жылдан бастап бүгінге дейін 100-ден аса ғылыми мақала (оның ішінде ҚР БҒМ саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда 38 мақала), 30-дан астам публицистикалық мақала жарық көрді. 2019 жылы “Практикалық журналистика: оқу-әдістемелік құрал“ (9 б.т., Қызылорда “Айсұлтан баспаханасы), “Сыр журналистикасының тарихы. Монография: V том” (2021) жарық көрді.
2022 жылдың сәуір айында Әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша университетішілік ҒЖЗ конкурсында Ж-19-1 оқу тобының студенті А.Абимолдаевтың 6В03237-Журналистика (Телерадио) “Әлеуметтік платформаларды жеке брендинг қалыптастыру тәсілдері” тақырыбындағы жобасы 1 орын иеленді. Республикалық ғылыми жобалар мен конкурстарда Аягөздің жетекшілігімен қатысқан шәкірттері жүлделі орындар иемденді.
Аягөз Қожамырзақызы бүгінде Нысанбай жыраудың әдеби мұрасы жөнінде докторлық диссертациясын қорғаудың алдында. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті елімізде іргелі білім ордасы ретінде танылса, әлемдік рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге жетсе, оған аға оқытушы Аягөз Әбдіразақованың да үлесі бар деп білеміз.
Жинақтай айтқанда, Аягөздің бойындағы үлкен адамгершілік, алғырлық, тиянақтылық, ойшылдық, еңбекқорлық оның жігері мен қайрат күшінің көрінісі болмақ. Бүгінгі мерейтой иесінің бойында адалдық, мейірім, қазақи қасиет бар десек те, өзіндік «мені» де бар. Әрине, «мен»-адамның жеке даралық сипаттамасы оның тұтастығы, жекелігі мен еркіндегін білдіреді. Ол әділ, шыншыл, ретті жерінде өзін қорғай алады, әділетсіздікке жол бермейді. Бұл — өзін-өзі тану ғана емес, өзгелерге өз көзімен қарай білу, яғни, өзіндік ішкі дамуы, өзіндік көзқарасы бар екенін айқындайтын дүниетанымы болса керек.

Қадірлі, Аягөз өзіңді сыйлап, бағалайтын әріптестерің мен шәкірттеріңнің ортасында керемет көңіл-күйде жүр. Отбасыңнан баянды бақыт, жылулыққа толы шуақты күндер кетпесін!
Ойымды ақынның мына бір өлең жолдарымен аяқтасам деймін:
Тірлік – теңіз, ес елудің ескегін,
Әнге толсын, күйге толсын кештерің,
Шын жүректен бақыт тілеп сарқылмас
Қол соғады барша әріптестерің! – демекпін.
Ұлжан ЖАНБЕРШИЕВА
/жазба автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды