«Той дегенде қу бас домалайды» деген екен бұрынғылар. Иә, онысы рас. Той қуанышына ортақтаспақ ниетте барасың. Бірақ, ұнамайды. Тойдағы көңіл көншітпес көріністерден құлазып қайтасың. Қазақ тойына бір өзгеріс керек. Осы орайда өз ойымды ортаға салайын. 
1. Беташар жақын-жұрағатпен шаңырақта ашылуы керек. Келін «Осы шаңырақта бетім ашылды» дейтіндей…
2. Жас жұбайларды төрге оздырмау қажет. Той табалдырығын аттаған бала-келін оң жақ қапталға орналасса… Үйленген жігіттің достары да ата-аналарынан жоғары асып кетпей сол төменгі жаққа жайғасқаны жөн. Келген қонақ ақ тілек айтқанда жұбайлар ата-енесінің жанында тұрып тыңдаса… Кердеңдеп төрге озған келіннен не күтуге болады? Келіннің қонақ күтуге деген дайындығы осы жерден басталады деген ойым ғой…
3. Асаба білімді де білікті болуы қажет. Той үстінде әулеттің абысындарын келінге үлгі ретінде насихаттаса. Келіннің енесіне деген құрметін арттыру үшін ұлдың анасы хақында жақсы сөздер айтылса…
4. Ұлттың ұлылығын білдіретін аңыз-әбсаналар жиі айтылуы керек. Құлақтан кірген жақсы әңгіме жанын жадыратады емес пе?
Асабалар алдын ала қуаныш иесін толық зерттеп алғаны дұрыс.
5. Тойшы қауым бірінің сөзін бірі қайталамай тілек айтарда сөзінің нәрі бар қонаққа қосылғаны жөн. Сөздің киесінен қорқуы қажет.
Қадірлі оқырман, менің ұсынысыммен келіспеуіңізге болады. Алайда өз ұсынысыңызды жазып жеткіземін десеңіз, мархаббат!

Асантемір Қаршығаұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *