Көлік базары, киім базары, құрал-сайман базары. Тағы қандай сауда орындарын білесіз? Қалауын тапқандар адамды да сатып жүр. Статистика солай деп тұр. Сенбесеңіз, айтайық, елімізде адам саудасына қатысты құқық бұзушылықтар азаяр емес. 2023 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда адам саудасына байланысты 111 қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Жөнсіз айтып отыр демеңіз, дегенмен, жақын арада адам саудалайтын базарлар ашылуы ғажап емес. Нақты статистика бойынша, 2021 жылы – 103, 2022 жылы – 77 іс тіркелген. Адамдарды базарлар арқылы ашық саудаламағанда неміз қалды? Жаға ұстатар жайттың анықталғаны ғана – 111. Қаншама мың адам құлдық қамытын киіп жүргені белгісіз. Олардың саны аз емес екендігі ақиқат.

Бұл сөзімізді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та растайды. Ол өткен жылы өз сөзінде: «Статистикалық деректер проблеманы толық көрсетпейді. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, сексуалды және еңбек қанауы қылмыстық істерден бірнеше есе көп. Шынын айтқанда, соңғы жылдары мәселеге терең үңіліп, нақты жұмыс атқарылған жоқ. Талдау жүргізілмеді. Соның салдарынан біз бүгін адам саудасы бойынша толыққанды мәліметке ие емеспіз», – деді. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да адам саудасының өзектілігін, қылмыс түрлерін тергеуде және жауапкершілікке тартуда тың тәсілдер қолдану қажеттігін халыққа жолдауларында атап өтті. Бұл мәселе бар деген сөз.

Өркениеттің дамып, ақпарат көздерінің айқара ашық заманда құл иеленіп, адам тәнін саудалап жүргендер кімдер дейсіз ғой? Өкінішке қарай, ондайлар арамызда көптеп жүр. Олардың көбі лас сауда айналымында тез ізін жасырып, жауапкершіліктен жалтарып жүр. Әлемде 25 миллион адам адам саудасының құрбаны. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуінше, адам саудасы құрбандарының 70 пайызын нәзік жандылар құрайды. Әрбір үшіншісі – жасөспірімдер. Қазақстандағы ахуал да осыған ұқсас.

Өздерін «Walk Free» деп таныстырған коммерциялық емес ұйымның зерттеуінше, 200 мыңға жуық қазақстандық құлдықта жүр. Оның ішінде шекара асып, құл атанғандар да бар. Олар шет мемлекеттерде жұмыс істеуге барып, бостандығынан айырылғандар. Құл иеленушілер алдымен жоғары жалақы ұсынып, жайлы өмірге кепілдік береді, бірақ кейін құжаттарын тартып алып, мәжбүрлі еңбекке жегеді. Шетелдік оқу орындарына оқимын деп алданғандар да бар. Қазақстан азаматтарының экспорт бағыттары көбіне Бахрейн мен Оңтүстік Корея елдері.

Елімізде құл иеленушіліктің сипаты қандай? Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері адам саудасы негізінен жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру түрінде болған. Қыздарды тәнін саудалауға мәжбүрлегендерге қатысты 67 іс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есеге көп. Бірақ статистиканың сенімсіз екенін тағы атап өткіміз келеді. Қаракөз қыздарымыздың бұл кәсіпке мәжбүрлі түрде тартылып жатқаны да белгілі. Жеңіл жүріспен айналысатындардың арасында кәмелетке толмаған қыздар да бар екен. Жасөспірімдерді жыныстық қызмет көрсетуге тарту бойынша 2021 жылы 5 іс тіркелсе, биылғы жылдың жартысында 17 дерек анықталған. Сондай-ақ ересектерді саудалау – 8, жезөкшелікке тарту бойынша – 7 іс тіркелген.

Әлеуметтік желілерде де осындай хабарламалар кездестіруге болады: «Пәлен деген бай күштеп малын бақтырып отыр», «Ақша алғанымызға біраз болды», «Ұрып-соғады, тамағымызды уақытылы бермейді» деген шағымдар аз емес. Құлдыққа ұқсас мұндай жағдайлардың кейбірі заңсыз бас бостандығынан айыруға қатысты 5 оқиға ретінде тіркелген.

Өңірлер бойынша адам саудасы қылмыстарының көпшілігі Алматы қаласында тіркелген: 2023 жылы – 17, өткен жылы – 5 іс. Ақмола және Қызылорда облыстары 8 дерекпен үздік үштікті қорытындылайды. Алматы, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да адам саудасы белең алып тұр. Әр облыста 7-ден іс тіркелген.

Иә, миллиондаған адам арасында бірнеше жүз адамның адам саудасының құрбаны атануы заңдылық деп айтарсыз. Бірақ жыл сайын өсіп келе жатқан статистиканы қайда қоясыз? Бүгін – 100, ертең – 200, арғы күні – 300 адамды санауымыз керек пе? «Адам саудасының дендеп тұруына халықтың өзі кінәлі. Құқықтық, ақпараттық сауаттылық жоқ. Жалған жарнамаға алданып қалады. Еңбек келісімшарты дегенді білмейді. Құжаттарының түпнұсқасын бейтаныс адамдарға ұстата салады», – дейді сарапшылар. Иә, бұған келісуге болады, бірақ бұл жерде халықтың амалсыздығын да сөз ету керек. Еріккеннен шекара асып, жұмыс іздеп кетті дейсіз бе? Бұл әлеуметтік мәселелерге келіп тіреледі. Артынан жұмыс орнының тапшылығы, төмен жалақы, қолайсыз тұрмыс жағдайы, жоғары пайыздық несие деген мәселелер тізбектеліп шыға келеді. Құл атанған қазақстандықтардың бәрі де күнкөрістің қамымен жүргендер ғой.

 

Сурет интернеттен алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *