ҚАРТТАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ
«Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Қария – ағып жатқан ақыл дария», «Ел қариясы – ел қазынасы», «Кәрінің болғаны – игі» деп жалғасып кететін үлкендер жайлы ізгілікке толы тәмсілдер бар. Халқымыздың түсінігінде үлкенді сыйлау, өнегелі өмір жолынан үлгі алу, алдарынан кеспеу, сөзін зейінмен тыңдау секілді тәрбиелік амалдар ізгі істер қатарында. Расында да елге тоқтау айтып, қате кеткен кейінгі буын өкілдерін тезге салып, тәрбиесіне ие бола білетін қариялардың болуы кез келген қоғам үшін маңызды. Үлкендер жасқа керек, жас үлкендерге керек. Бұл – түсіндіруді қажет етпейтін табиғи тепе-теңдік.
Алайда, мамандардың айтуынша, соңғы уақыттары осы табиғи тепе-теңдік бұзылып, қариялар саны ұлғайып барады. ХХІ ғасырдың басты мәселелерінің бірі – халықтың қартаю процесі. Бұның қоғамның барлық саласына әсері болатыны сөзсіз: рухани құндылықтардан бастап, экономикалық мәселелерге дейін туындап, адамзат баласын тығырыққа тіреуде дейді сарапшылар. 2021 жылы жер бетіндегі 65 және одан жоғары жастағы қариялардың саны 761 млн адамға жетсе, осы қарқынмен он жыл ішінде екі есеге көбейеді деп болжануда. Шамамен 2050 жылы қарттар саны 1,6 млрд адамға жетпек. Мұның негізгі себебі – туу көрсеткішінің азаюы және өмір сүру жасының ұзаруы. Қазір өткен ғасырдың ортаңғы жылдарымен салыстырғанда өмір сүру ұзақтығы 25 жылға ұзарған.
Туу көрсеткішінің төмендегені байқалып отыр. 2020 жылғы пандемия кезінде егде жастағы адамдардың өмірден өтуі де қарттық деңгейіне әсер етпеді, халық қартаюда. Жастары аз, қариялары көп қоғамда қандай мәселелер туындауы мүмкін? Оны әрі қарай оқыңыз.
Елімізде де әлем елдеріндегідей халықтың қартаюы байқалады. Мәселен, 2022 жылы 65 жастан асқан әйелдердің үлесі жалпы халықтың 10,1 пайызына жетті, бұл көрсеткіш соңғы он жылда 8,2 пайыздан көтерілмеген еді. Ерлер арасында да қарттардың үлесі өсу үстінде: соңғы он жылдықта 4,8 пайыздан 6,1 пайызға дейін артқан.
Басты мәселе – қарттарға жайлы орта қалыптастыру. Негізгі бағыттардың бірі – зейнетақы. Халықтың қартаю жағдайында кез келген мемлекетке зейнетақы қорына салмақ түсері сөзсіз. Бұл құбылыс демографиялық ауыртпалық деп аталады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 2023 жылы ауыртпалық коэффициенті 12,9 пайызға тең болған. 2025 жылға қарай бұл арақатынас 14,1 пайызға, ал 2050 жылға дейін 19 пайызға жетеді деп болжануда. Бұл көрсеткіш еңбекке жарамды, яғни 14 пен 63 жас аралығындағы адамдардың үлкендерге қатысты арақатынасын білдіреді. Зейнетақы жүйесінің маңыздылығы алдағы уақытта арта түспек.
Қазақстан 1998 жылдан бастап жинақтық зейнетақы жүйесіне көшті. Жұмыс беруші өз қызметкерлерінің табысының белгілі бір бөлігін олардың зейнетақы қорына аударып отырады. Жинақтық жүйенің баламасы ретінде әлем елдерінде үлестіруші зейнетақы жүйесі бар. Онда зейнет жасындағы адамдардың ақысы қазіргі жұмыс істейтін азаматтардан түсетін салық есебінен төленеді. Алайда қартаю көрсеткішінің өсуіне байланысты бұл жүйенің болашағы тұрақсыз деген болжам бар.
Еңбекке жарамдылық мәселесі де маңызды. Мысалы, 1941-1945 жылдардағы қазақ ауылдарын елестетсек, кішкентай балалардан бастап егде жастағы адамдар мен әйелдер де еңбекке тартылған. Себебі – соғысқа кеткен ерлердің орнын толтыру қажеттігі туындаған еді. Қарттық көбейіп, жұмысқа жарамды адамдар саны азайғанда, болашақта осындай жағдай қайталануы мүмкін деген қауіп бар. Бұл қазіргі әлемнің маңызды мәселелерінің бірі.
Халықтың қартаюы денсаулық сақтау саласынан бастап барлық салаларға әсер ететіні сөзсіз.
Не істеу керек? Табиғи балансты қалпына келтіру мәселелердің шешімі болуы мүмкін. Алғашқы қадам – туу санын арттыру. 2022 жылы Қазақстанда туылған нәрестелер саны 9,5 пайызға азайған. Мысалы, 2022 жылы 403,9 мың сәби өмірге келсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 42,6 мыңға көп болған. Мамандардың айтуынша, бұл төмендеудің басты себебі 2020 жылғы пандемия кезінде туылған балалардың көп болуымен байланысты.
2023 жылдың алғашқы тоқсанында 93,5 мың сәби дүниеге келген. Бұл көрсеткіш бойынша әрбір тууға жарамды әйел 3 балаға дейін өмірге әкеліп отыр деп айтуға болады. Бірақ болашақта бұл санның 2 немесе тіпті 1 балаға дейін түсу қаупі бар. Туу көрсеткіші бойынша оңтүстік және батыс өңірлер көш басында, ал солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде туу деңгейі төмен. Мұның негізгі себебі – некеге тұру көрсеткішінің төмендеуі. Мәселен, 2022 жылы 128,4 мың неке қиылса, 2021 жылы 150 мыңға жуық неке тіркелген, бұл – 8 пайызға төмендеу.