(Кеңес Одағының батыры Ахмедияр Дәуленұлы Хұсайынов хақында)

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл. Қанша уақыт өтсе де соғыстың салған зардабы тарих бетінен өшпек емес. Өйткені, сол тұста қаншама аналар жесір қалып, қаншама бала әкесіз өсті?! Төрт жылға созылған майдан даласында көптеген әкелеріміз оққа ұшса, аман қалған кейбірі неміс басқыншыларының тұтқынына түсіп, азап шекті. Соғыс салдарынан әлі күнге дейін белгісіз боздақтар саны азаяр емес. Олардан бір дерек таба алмай отырған ағайындар ортамызда әлі де баршылық.
Ал сұрапыл соғыста ержүректігімен көзге түсіп, жау әскерін тізе бүктірген көптеген қаһарман жауынгерлеріміз Кеңес Одағының батыры атағын иемденіп, ерен ерліктері үшін өңірлеріне «Алтын жұлдыз» тақты. Міне, осы «Алтын жұлдыз» таққан батырлар қатарында біздің жерлесіміз Ахмедияр Дәуленұлы Хұсайыновта бар еді. Батыр бабамыздың өмірге келгеніне өткен жылы 100 жыл толды. Оның өмірі мен қызметіне қатысты деректер Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің Жалпақтал филиалында толық сақталған.
Ахмедияр Дәуленұлы 1924 жылы мамыр айында Орал облысы Орда ауданында дүниеге келген. Оны әкесінің апасы балалары болмағандықтан бір жасында асырап алып, тегін жолдасы Хұсайынның есімімен жаздырған. Кейін асырап алған ата-анасы дүниеден озғасын он жастағы бала Ахмедияр өз жанұясына қайта оралды. Ол орта мектепті жақсы аяқтап, жоғары оқу орнына түсемін деп жүргенде тұтқиылдан соғыс басталып, арманы аяқсыз қалады.
Мектептен кейін әкесіне қолқабыс берген Ахмедияр жасы он сегізге толысымен 1942 жылы Орда аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскер қатарына алынады. Сол жылы әскери-оқу жаттығудан өткен Ахмедияр 1942 жылы қыркүйек пен 1943 жылы қазан айы аралығында Сталинград және 4-ші Украина майданының сапында соғысқа қатысып, Украина жеріндегі Қырым қақпасы атанған Мелитополь қаласы үшін болған кескілескен ұрыста батырлығымен көзге түседі. 1943 жылы 26 қыркүйекте әйгілі Мелитополь операциясы басталып, қала екі жылдан астам уақыт жау әскерінің қолында болады. Кеңес әскерлері фашистерді қуып Мелитопольға жеткен кезде жау әскері қаладан айырылып қалмаудың қамын жасайды. Өйткені олар, Мелитополді Қырым мен Днепрдің төменгі ағысындағы темір қақпа деп санады. Қатарында жауынгер Ахмедияр Хұсайынов болған әскери бөлім Мелитопольға 1943 жылы 14 қазан күні жеткеде, қала ішіндегі көшелерде әр қиылыс сайын кескілескен ұрыстар жүріп жатады. Фашистедің бетін кері қайыру үшін кіші лейтенант Карпетов бастаған 13 солдат немістерге қарсы әрекет жасағанмен қапыда жау қолына түседі. «Оқ бітті» деген хабардан соң жауынгерлермен арадағы байланыс мүлдем үзіледі. Осындай қиын тұста рота командирі капитан Садовников бекіністі аса сақтықпен ұстай отырып «жау қолында қалған солдаттарды құтқаруға кім барады» дегенде Ахмедияр Дәуленұлы еш ойланбастан «мен барамын» деп алға шығады. Олар күндізгі сағат екіде жер бауырлап, жан-жақтан атқылап жатқан оқ-дәрінің кедергісіне қарамай жау қолында қалған солдаттар тобына жеткенде 10 солдат оққа ұшып, екі солдат жараланған, тек Ахмедияр мен бөлімше командирі Николай Шашкин ғана аман қалады. Сол күні қара кешке дейін жау тылына қарсы Шашкин екеуі оқ жаудырып, немістің бірқатар солдаттарын жер жастандырады. Қараңғы түсе Шашкин екі жаралыны алып, санитарлық бекетке кеткенде, Ахмедияр батыр жау әскерімен бір өзі шайқасып, аяғынан жараланса да, ұрысты тоқтатпайды. Оның мақсаты он досы бірдей мерт болған жерді негізгі күш жеткенше аман-есен ұстап тұру болады. Осы кезде неміс әскерінің тағы да бір тобы келе жатқанын көзі шалып, қолындағы қаруын мұқият ұстайды. Бір кезде жарылған зеңбіріктің бір бөлігі Ахмедиярдың басынан соғып, есінен тандырып тастайды. Есін жиған соң өр батырымыз жауға қарсы әрекетке қайта көшеді. Осы сәтте Кеңес әскерінің қосымша күші жетіп, Ахмедиярдың қолында қарысып қалған автоматты әрең босатып алады. Қолға түскен неміс жендеттері күні бойы жалғыз адамның өздеріне қарсы соғыс қимылдарын жүргізгенін естіп қатты таңқалады. Кейін осы ерлігі үшін Ахмедияр Хұсайыновқа 1943 жылы 1 қарашада Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Ахмедияр Дәуленұлы ол хабарды Душанбе қаласындағы госпиталда жатып естиді. Госпиталдан шыққан соң Ахмедияр Дәуленұлы 1944 жылдың сәуір айында елге аман-есен оралып, 1944-1945 жылдары облыстық партия комитетінің жолдамасымен Қазақстан КП Орталық комитеті жанынан ашылған алты айлық курста білімін шыңдап, 1945-49 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып, тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алады. 1949-1950 жылдары А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының КСРО тарихы кафедрасының асистенті, 1950-1951 жылдары Қазақстан ЛКЖО орталық комитетінің нұсқаушысы, 1951-1956 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болып жұмыс жасады. «Қазақстан комсомолының ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жолындағы күресі» тақырыбында ғылыми еңбек жазып, қазақ ғылымының дамуына аз-кем үлес қосады. Туған елі Жайық өңіріне оралған батырымыздың 1956-1985 жылдар аралығындағы ширек ғасырдан астам уақытқа созылған саналы ғұмыры өзіміздің Жалпақтал өңірінде өткенін біздер мақтан тұтамыз. Ахмедияр Дәуленұлы өз кезеңінде мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары сынды түрлі лауазымды қызметтерде жемісті еңбек етіп, 1984 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Елімізде бейбіт, еркін, азат күн орнап, сұрапыл соғыс жылдары келмеске кетііп арадан алыстаса да, көк аспанды торлаған сұм соғыс атты қара бұлттың салқыны әлі күнге дейін жүрегімізден өшкен жоқ.
Кеңес Одағының батыры Ахмедияр Хұсайынов өмірлік жары Вера Нәжімқызы екеуі 1948 жылы 19 шілдеде отау құрып, алты ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Осылайша артына өшпес із қалдырған өр тұлғалы батыр атамыз 1986 жылы 5 мамырда 62 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Дәуленұлы Хұсайыновтың есімін ел жадында мәңгілікке қалдыру үшін Казталов ауданындағы өзі еңбек еткен Жұлдыз мектебіне, туған жері Бөкей Ордасы ауданындағы Мұратсай орта мектебіне, Орал қаласы мен Жалпақтал ауылындағы көшелерге батыр есімі берілді.
Ерен ерлік — ұрпақтар санасынан мәңгі өшпесін!

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Елеулі есім

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *