…Қара еменнің өзегінен ойып тұрып, қарағайдан қайырып тұрып, үйеңкіден үйіріп тұрып тұлпардың қылқұйрығын ішек қылып, Қорқыт пен Ықылас бабамыздан қалған қобызы мен домбырасын жанына серік еткен қазақтың Қуанышы тірі болса 80 жасқа толар еді. Ол Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Түркеш пен Динаның, Сейтектің күйлерін өз бетінше үйренген тума талант иесі еді.
Күйші, қобызшы Қуаныш Әжімұрат 1945 жылы бұрынғы Орал облысының Жымпиты ауданы Сырым батырдың туған жері Жетікөл ауылында дүниеге келген. Қазақ халқының тұмса өнерін бойына жиған өрелі тұлға — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Арманын арқалаған ауыл баласы Алматыдағы консерваториянының қылқобыз және домбыра мамандығы бойынша білім алған. Бұдан соң ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы мемлекеттік академияның ұлт аспаптары оркестрінде домбырашы және қылқобыз аспаптарында жеке орындаушы болып қызмет жасады.
/Қ. Әжімұрат әріптестерімен
Құрманғазы қарттың атындағы қара шаңырақтың негізін қалаған қара нарлар — А.Жұбанов, М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди сынды асылдардың ізін Ш.Қажығалиевпен бірге Қуаныш Әжімұрат аға жалғай білді. Бүгінде оркестр тарихында есімдері алтын әріппен таңбаланған талай дарабоздардың арасында жымпитылық жігіттің бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Қуаныш ағамыздың ұлттың ұмыт болып қала жаздаған көне жырларын нақышына келтіре орындауын оның көзін көргендер былай баяндаған. Олар: «Қуаныш әр шығарманы жан дүниесін салып орындайтын өзіндік ерекше шеберлігі мен бірге оның бойында өнерге деген шексіз махаббат пен адалдық әрі тыңдаушысымен емен жарқын сөлесетін ашық мінезімен көпшілікті баурап алатын» дейді.
/солдан оңға қарай: Қ. Әжімұратов, Т. Шәмелов, А. Тоқтағанов
Айталық, қазақ музыкасының мәртебесін асқақтатып шетелге таныстыруда қажырлы еңбек еткен бір ұжым болса, ол — Құрманғазы оркестрі. Оркестрдің арқасында Италия, Португалия, Швеция, Түркия, Қытай, Франция тіпті Ауған елдерінде де қазақ музыкасы шырқалып, әлемдік аренаға шықты. Құрманғазы оркестрінде ән айту қазақ әншілерінің арманы болғанын ескерсек, бұл бақыттың Қуаныш ағамызға бұйырғанын байқауға болады. Тарихы тамырлас, арда өнердің мәңгілік музасы болған оркестр бүгінде өз жолынан тайған емес. Ал осындай қасиетті де қадірлі қара шаңырақта біздің ауылдың азаматтарының ізі қалып жатса қалай қуанбасқа?
Қазақтың қылқобызы мен домбырасы арқылы талай елдің есінде қалған абзал ағамыз Қуаныш Әжімұрат биылғы жылы тірі болса 80 жасқа толар еді. Алайда өмірден ерте өткен ердің атын елі еске алып елеп отырса, қазақтың қуанышы ұзаққа созылады.
Айнагүл Ойшыбай, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музей меңгерушісі