С. Нұржан: «Сөз – саудагерлері» көбейіп кетті»
Қостанай өлкесінде көкірегіне көне кітаптың сырын сақтаған Алаштың Айт-Маны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің кавалері — Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастаны ұлықталды. Бұдан Қарт Каспийдің қоңыр үнінен аспанды айқара жамылған ақ қардың сұлу бейнесінен ұғынуға болады. Киелі Тобыл-Торғайдың тылсымын сығырайған білтенің сорғалаған нұрымен, «Өлең-Падишаның» салтанат құрғанынан аңғару қиын емес. Бізге де осы айтулы іс-шарада белгілі ақынмен әңгімелесудің сәті түскен еді.
— Айтман көке, Қостанай өңіріне қош келдіңіз. Сонау Маңғыстаудан бастау алған айтулы шара Тобыл-Торғайды қара өлеңмен әлдилеген сәтке ұласты. Осы сәулелі сәттің әсері қандай?
— Қасиетті Тобылдың жағасын жайлаған, қазақтың киелі пұшпағын мекендеген, ұлыларды тербеткен бесіктің тұтқа жұртын көргеніме қуаныштымын.
Оспадар отаршылардың темір түрендері тырмалап жыртқанмен, топырағымыздың қатпарларында өшпей қалған рух – қайтадан сәуле шашатын сәтін күтіп жатыр. Осы іс-шараны сондай бір киелі істің бастауы деп есептеймін. Мәселе менің шығармамды насихаттауда ғана емес, мәселе – бүр жаратын уақытын күтіп жатқан рухтың оянуына әсер ететін әрекетте. Осы байқауды ұйымдастырған, қолдау білдірген барлық азаматқа Алланың нұры жаусын!
— «Қошақан даланың» қыр-сырын сіздей зерттеген адам кемде-кем. 362 әулие мекен еткен Маңғыстаудың төл перзентісіз. Қазіргі таңда шығармашылығыңызда қандай тың өзгеріс бар?
— Мен тынымсыз ел аралап, тынымсыз еңбек ететін адаммын. Қазір көп томдық шығармаларымның электронды нұсқасы жасалды. Оның санын айтсам, тіпті ыңғайсыз болар. Поэзиямның көп томдығы да, басқа жанрдағы еңбектерім де дайын тұр. Бірақ оның барлығын тұтас шығаратын заман емес. Кезегімен, бір-бірлеп жарыққа шығара беремін деп ойлаймын. Елге таратудың сан-мың тәсілі бар. Бастысы, жазылған дүние болашаққа жетеді.
— «Байғыздың үні байыз таптырмас, Құйқа тамырда шымырлап» деп жатамыз. Жан әлеміңіздегі байғыздың үні қазіргі қоғам үшін не дейді?
— Байғыз – қасиетті құс. Бұрындары келіндер оның атын атамай, тергейтін. Байғыздың үні шыққанда, оған қарап сәлем салып жататын. «Мұраталы», «Мұратты құс» деп те атайтын.
Егер күлсе – міндетті түрде жақсылықтың нышаны, ал жыласа – жамандықтың белгісі деп ұққан. Байғыз жыласа, үлкендер сол жерге от жағып, жамандықты қашыруға тырысатын.
Соңғы жылдары көне әулиелердің басына барғанда, байғыздардың кәдімгідей сықылықтап күліп жатқанын естіп жүрмін. Соған қарағанда, алдымызда бір жақсылық бар деп ойлаймын. Табиғатта Құдай Тағала еш нәрсені себепсіз жаратпаған.
— «Сөз – саудагерлердің көзірі» дейді. Қазір сөздің киесін білмейтіндер көп. Бұған не айтар едіңіз…
— «Сөз – саудагерлері» өте көбейіп кетті. Көкіректе сүзгінің жоқтығынан болар. Әлеуметтік желі ғайбатқа толып кетті.
Назарбаев дәуірінде, уахавизм, сәләфизм күшейген кезде сөздің киесі тапталып, айтыс өнері де саясаттың қолшоқпарына айналды. Қайрат Сатыбалды, Б.Тілеуханов, М.Тазабеков сияқты адамдар Умра қажылығына апару арқылы көптеген ақындарды сатып алды.
Сол кезде мен «Сөз – саудагерлері» туралы көп жаздым. Тіпті айтыстан теріс айналған сәттерім де болды. Себебі қасиетті домбыраны ұстап отырып, ұлттық намысыңды саудаға салу – кешірілмейтін сатқындық.
— Ақынды жылататын – Отаны. Қаңтардың салқынында Сөз құдіретіне тоқтаған қалың нөпір болды. Бірақ іште жазылмас жара қалғаны анық…
— Ол – өкініш. Жаңа Қазақстан деп сендік. Бірақ бәрі арзан қойылымға айналды. Мемлекет ішінде іштегі жат күштермен, қауіпті сыртқы күштер бірікті. Әскер – Президенттің бұйрығын орындамай қойды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де басын алып қашты. Ал біздің билік осының бәрін әшкерелей алмады. Нәтижесінде, төгілген қанның жауапкершілігін өз мойнына алды.
Менің өкінішім – сол. Жеңісті соңына жеткізе алмадық. Ал бұл – жеңілістің жартысы…
— Құранда «Шұғара» сүресі бар. «Ақындарға азғындар ереді» деген пікір жиі айтылады. Бұған не дейсіз?
— Толық оқымай, тұжырым жасау – қателік. Сол аяттың жалғасында ақындардың дұшпаннан өш алу керектігі айтылған.
Ал қазіргі ақындар, әсіресе, сөз саудагерлері, иман мен намыстан ажырап, даңғазаға еріп кетті. Ең қауіптісі – сол. Құдай содан сақтасын!
— Сүбелі сұхбат үшін алғыс білдіремін, Айт-Ман аға. Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан: Нұрай Талап
/Суретті түсірген Т.Құсайын