Алматының көңіл күйі ғажап болды. Себебі, көктем келді. Көктеммен бірге күй күмбірледі. Қара домбыраның қасиетті шанағынан төгілген күй — «Иірім». Ал, «Иірім» толы мейірім. «Иірімнің» алғашқы тұсау кесер сәтінде топ жетекшісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Ақтілек Дәулетовамен сұхбат өрбіткен едік.

— Ақтілек, Алматыда алғашқы шығармашылық кеш беріп отырсыз. Алған әсеріңіз, тыңдармынның қабылдауы қалай болды?

— Әрине, толқыныс пен қалың ойдың құшағында болдым. Алматы төріндегі алғашқы кеш. Кешіміздің абыроймен өтуін тілеп, келген көрермендерге әдемі көңіл күй сыйласақ деген ниетте болып едік, сол үдеден шыға білдік деп ойлаймын. Алғашқы жауапты іске бекінгеніме іштей өзіме-өзім риза борлып та отырмын. Өз басыма келген көрерменнің залдан орын алып орналасқаны да үлкен әсер етті. «Жақсылық қылсаң халыққа, бір қайырымын аларсың» дегендей осы концерттен жақсы көңіл күймен, рухани азық алып тарқасып жатқан көрерменді көріп, көңілім көтерілді. Оның өзі де бақыт емес пе?

— Күй табиғаты мінезге бай. Күн болып күркірейді, жауын болып сіркірейді. Ал, «Иірім» аталуы өмірдің өзі иірім деген метафорамен үндесетінін айтқыңыз келді ме?

— Шынында солай, күй табиғаты о бастан мінезге бай болып келеді. Сондықтан топтың атауына келгенде көп ойландым. Бастапқыда «Қоңыр үн» деп атағым келді. Кейіннен «Иірім» күйімді нотаға түсіріп отырып «Өмір сәттерден құралса, әуен иірімдерден құралады» деген ойға келіп, осылай атауды ұйғардым. Шыны керек осынадай ойдың жетегінде жүргендіктен бе, түс көремін. Сол түсімнің бірінде «Иірімді» қайталап айта береді екенмін. Сөйтіп топ атауын неге «Иірім» деп қоймасқа, оның үстіне қыздарға сай деген тұжырымға келдім.

— Шығармашылық кештің шымылдығын, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың «8 Март» күйімен ашуды жөн санадыңыз. Мұның сыры не? Әлде қазақ қыздарының рухын көтеріп алғыңыз келді ме?
— Иә, Дина Нұрпейісова анамыз 1946 жылы өзінің 85 жасқа толуын ел-жұртының ортасында атап өткен. Ең алғаш үлкен сахнада өз күйлерін орындаған. Соның ішінде халықаралық әйелдер күніне арнап шығарған «8 март» күйін тартқан деседі. Мерекеге тұспа-тұс келген кешті Дина анамыздың жолын берсін деген жорамалмен осы күймен ашуды жөн санадық.
— Тобыңыздың атымен аталатын «Иірім», бұдан бөлек “Сары” мен “Із” күйлерінің авторысыз. Жүрек үнін нотаға түсіру қаншалықты қиын?
— Адамның көңілі мен болмысының ұштасуынан әсерлі туындылар дүниеге келеді. Сол секілді күйді тудыру да, оны ерекшелеу мен сол сәттегі сезімді бейнелеу- ерекше құбылыс. Жүректен шыққан әрбір шынайы дүние көңілге ой салардай болып суреттеледі. Сол секілді күй — сол сәтті, сол кезді, болған оқиға немесе әдемі құбылыс пен белгілі болмысты әуен арқылы жеткізетін аспаптық әсерлі ой толғам. Ал сол ерекшелікті қағаз бетіндегі бес сызыққа суреттеу дегеніңізді айтып жеткізе алмаспын. Уақыт пен бапты, шабытты талап етеді. Әрине бұған білім мен шыдам да керек.
— «Иірім» күйі топтың төлқұжаты, шығармашылық айнасы. Оны жетігенмен ойнаудың негізгі мәні қандай?
— Иірім – жолдар… иірім- сана… иірім- өмір ағысы… иірім- қыз болмысы… иірім -махаббат. Осы «Иірім» күйімді алғаш ойнағанымда мүлдем басқаша әуен ойналды. Сол сәтте ұмытып, қайта ойнағанымда басқаша болып дүниеге келді. Ойымда солай сақталды. Бастапқыда күйде атау болмайтындығын еске ала отырып, сәбиіме мейірленіп жүрген маған махаббат сыйлаған жүректі тербеген туындым. Жетігенде ойнатуымның мәні шығарманы жандандыру болатын. Шынына келгенде жетіген мен домбыра бір-бірімен үндесе алатын әдемі де үйлесімді ұлттық аспаптар. Сайып келгенде бұл ұрпақ сабақтастығында білдіреді. Сыбызғы қосылса одан сайын жандана түсетіні тағы бар. Басты мақсат — сол арқылы адамзат санасына байыптылық пен ұлттық рухты сезіндіру еді.
— Құба домбыраны қолға алған кезде,тағдыр иірімі жанның иірімен үндеседі. Бұл, сарысу болған жүректен туған күй депсіз. Фортепианомен сүймелдеген «Сары» күйінің тарихына тоқталсақ…
— Бастапқыда “Үміт” , одан кейін адамдар тарихын сұрап асықтырған кездерде “Атаға сыр” деп аталған. Бұл күй үміттен туындаған. Менің жүрек толғанысым араласып, өмірге қайта келуіме жігер берген, сөйтіп мені оятқан күй болды. Алдағы уақытта «Иірім» тобына арнап, топ құрамына басқада аспаптарды қосып, күйлерімді басқаша стильде түрлендірсем деген арманым бар. Бастамамыз оң шешімін тауып жалғаса беруін Алладан тілеп, жақсыға ниеттеніп отырмын. Бастысы өнерге пайдамыз тисе болғаны.
— Ақтілек, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Нұрай НҰРБОЛАТҚЫЗЫ, Алматы қаласы
/Сурет А. Дәулетованың жеке мұрағатынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

1 Comment

  1. Ақтілектің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстазымын. Мен Ақтілекті ақын ретінде білемін. Өз қолыммен теріп, алғашқы жыр жинағын қолына ұстатқанмын. Өнері өрістей берсін!

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *