Қауырсын қалам айдарының қонағы – Гүлім Болатжанова. Ол Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Жусандыой ауылында 1993 жылы өмірге келген. Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекомуникациялық жүйелер университетінің «Құқықтану бакалавры» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінгі таңда Шыңғырлау аудандық соты әкімшісінің бас маманы қызметін атқарады. Гүлім Болатжанова «Үздік жас мемлекеттік қызметші» номинациясының иегері, облыстық Соттар әкімшісі басшысының «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Жан арызы
Ешкім үшін жазбаймын өлеңді шын,
Көңілім – терең, тұнық елегімсің.
Арманым ақ қанатын кеңге жайды,
Жидексай, жемісіңді беремісің?
Бұйырып тағдырыма топырағың,
Жер-ана, қойнауыңда жатыр әнім.
Тамырын кеңге жаяр тал-терекпін,
Жаятын баһадүрлер жапырағын.
Қыземшек көрінеді көркемдігің,
Өзіңдей көтереді еңсемді кім?
Тарыдай талантымды талқан қылып,
Серілер көрсетуде менмендігін.
Шыққан күн,
түн батқанда ай да көрген,
Адамдар-ай, пейіл таяз… пайда көрген.
Өзгелердің өзенін лайлап өтіп,
Өміріне өшпенділік байлап өрген.
Құдай берген талантқа талас бар ма?
Шүкір етіп жүріңдер таң атқанға.
Заңгер едім, бірақ мен соттатпаймын,
Арызымды айтамын Жаратқанға…
Сөз өнері
Ақ қағазда армандар ақтарылып,
Шабыт шауып барады атқа мініп.
Көк сияда тұрғандай күлімдейді,
Жұлдыз толы жыр тұнған баққа кіріп.
Өнер берген бойыма сансыз шүкір,
Тәубе етемін Құдайға, Хаһқа ұлық!
Өлең десе өрілдім жаста буын,
Сүрінгенде болғандай жасқануым.
Өнер көші бастаған керуенде,
Өлең ғана ұстаған бас қаруым.
Казақ деген кең пейіл нар халықтың,
Арасынан көрінген жас дарынмын!
Жігерімді жинатқан жасқа бүгін,
Мен өнердің ақ бұлттай аспанымын.
Өлең менің өрісті өмірімде,
Дұрыс жолда кезіккен дос-бауырым.
Жұлдызымның шырағын жаққан жырым,
Аңсамайды арайлы ақ таңды кім?
Қанжығамды майлатып қақтым қазық,
Сөз өнері сүйенер бостандығым!
Сол көше
Біздің көше болған бала базары,
Бала деген — ауыл сәні, ажары.
Тай — құлындай тебіскенде топырақ,
Көтерілер аспанға шаң-тозаңы.
Сол күндердің еске түсіп ғажабы.
Бір-біріне таусылмаған мазағы,
Қосушы едік, соны қайдан білеміз?
Үй жақтағы Жеңіспенен Нәзәні.
Тығылыспақ ойнаушы едік тығылып,
Арасында үлкен-кіші ұрынып.
Күн қыздырып тас-төбеде тұрса да,
Көлеңкеде жатпайтынбыз тынығып.
Ата-анамыз жүруші еді алаңсыз,
Аяқ киім кимейтінбіз, жалаңбыз.
Жарық болған бетімізде, қолымыз,
Сол кездегі қара бала, жаман қыз.
Тезек тердік қапшық ұстап бір-бірден,
Уақыттар-ай, байқамаппыз зыр жүрген.
Есек мия арасында қыдырып,
Гүлсезімге құрбы болған Гүл-Гүл мен.
Ерекше еді Дамираның назары,
Смаладан Зүлпат сағыз созады.
Әйкөш, Питок өздерінше бойжеткен,
Хат алмасып оған жауап жазады.
Нан бетіне қаймақ жағып шекермен,
Ойнадық біз құлқалақпен, кесеумен.
Қап ішіне тығып қойған кәмпитін,
Тығып жедік ұрлап алып шешемнен.
Көрші қызға сәнді көйлек әкелген,
Менде өтіндім алып бер деп әкемнен.
«Қарға келсе біз де аламыз» деген соң,
Қарға күтіп жүруші едім көшемнен.
Сол көшенің болмаса да шамдары,
Мұржалардың жақсы еді жанғаны.
Пеш түбінде жылы жатып кешкісін,
Қызық еді суып кеткен таңдары.
Тірілердей көрінгенмен көрігім,
Кеудеде жан болғанымен өлімін.
Соңғы кезде ашулымын азулы,
Өлтіргендей бөлтірігін бөрінің,
Адамдардан қалған кезде көңілім.
Бір кем дүние
Сауысқанда емеспін саңқылдаған,
Ұқсамаймын қарғаға қарқылдаған.
Ақжайықтың көрікті аруымын,
Ақ жүрегі әрқашан аңқылдаған.
Керек емес атағы, даңқы маған,
Атанбаймын атақпен алтын адам.
Мен өлеңді сүйемін, сүйе берем,
Қарсы шығып тұрса да жарты ғалам!
Керек емес мені елдің танығаны,
Өлең жазсам болғаны мағыналы.
Сондай заман болды ғой бүгінгі күй,
Өнер көшін билеген танымалы.
Кеудесіне нан пісіп «Мен» дегенге,
Таңқаламын тәкәппар пенделерге.
Таңқаламын Алладан берген сыйдың,
«Кілті қайда қолыма бер» дегенде.
Болмасам да өлеңнің атырабы,
Мен бір гүлмін жайқалған жапырағы.
Мен өскен жер қасиет тұнған өлке,
Киесімен ұрмасын топырағы.