Абдоллаға оралған күн…
Бүгін — ақын Абдолла Жұмағалиевтің туған күні.
ХХ ғасырдың 30 жылдары қазақ әдебиетінің теңізінде өлеңдерімен қуатты толқын ойнатқан асау ақын Отанның екінші шетіндегі оқ дауысын естіп, тыныш жата алмады. Майданға аттанды. Мәскеу түбіндегі шайқаста қайнаған қолға жалғыз өзі қарсылық көрсетіп, опат болды. Бекінген ағаш үйі отқа оранып, ақын алауға айналып кетті.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылы 13 қаңтарда шыққан №10 (6240) санында гвардия капитаны В. Григорьевтің «Герой – ақын!» деген мақаласы бар. Үзінді келтірейік:
— Деревня бізге дөң басынан айқын көрініп тұр, әсіресе, самаладай жалғыз үйдің жалыны аспанға шығады. Жалын ішінде автомат дауысы естіледі.
Соғыс үстінде біз қаһармандық пен ерліктің талай үлгісін көріп жүрміз. Бірақ, жау қолында қалған жалғыз үйдің ішінде арыстандай алысқан айбатты ақынды көз алдымызға келтірген оның ерлік қимылы бізге батырлықтың асқар шыңындай сезілді. Ол өзінің өлерін білді. Ақтық сағат үстінде зор даңқпен өлуді тіледі. – деп жазады ол.
Биыл Абдолланың туғанына — 110 жыл. Бүгін туған жері Сырым ауданында бірқатар мәдени шаралар өтті.
Түске дейін С. Датұлы атындағы тарихи — өлкетану музейінде музей директоры Айнагүл Ойшыбайдың бастамашы болуымен “Болар менің мұрама оралар күн!” атты оқушылар арасында Абдолла оқулары басталды. Жыр аламанының ашылуына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов сөз сөйледі.
Ақын оқуларына Сырым ауданынан бөлек Теректі , Тасқала, Қаратөбе, Бөрлі, Бәйтерек аудандары және Орал қаласынан оқушылар қатысты. Шараның облыстық деңгейге көтерілуі абдоллатану жұмысының жаңа деңгейін белгілейді.
Бірінші орынды сырымдық өрен, Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп — балабақша — бөбекжай кешенінің оқушысы Айсана Мұрат жеңіп алды. Оған ақынның 110 жылдығы құрметіне 110 000 теңге сыйақы берілді. Екінші орынға қаратөбелік Марат Кенесары, үшінші орынға Мақсат Қазимжан ие болды.
Абдолла оқуына қатысқан әр балаға диплом мен қаржылай сыйлық берілді. Жұмағалиевтер жанұясының жүлдесі өз алдына…
“Мүмкін кері қайтпаспын, жоғалармын,
Көзім жұмып, құм көрпе оранармын.
Өлмен бірақ, бір кезде сыршыл ұлан
Болар менің мұрама оралар күн.” — деген ақынның үні туған жер аспанында қайтадан салтанат құра бастады. Ұрпағы Абдоллаға оралды!
Тағы бір жаңалық — Жымпитыда ақын Абдолла Жұмағалиев, журналист Қажым Көшеков және жазушы Жәрдем Тілеков туралы деректер, мақалалар тортастырылған “Сырымнан ұшқан үш қыран!” атты жинақтың тұсауы кесілді. Үшеуінің де тағдырлары ұқсас. Үшеуі де — Сырым ауданында дүниеге келген, үшеуі де жазу адамдары, үшеуі де — майдангер. Абдолла мен Қажым ерлікпен қаза тапты, Жәрдем соғыстан кейін қазақ әдебиетін көркейтуге жұмыс жасады. Даласына перзенттік парызын “Сырым батыр” дастанымен өтеді. Кітап Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен “Сырым елі” қоғамдық — саяси газетінің редакциясында жинақталып, даярланып, “Шұғыла Принт” баспасында басылды.
Құрастырушы — газет редакторы Бауыржан Ширмединұлы.
Кітаптың бауын журналист, ақын, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Құттымұратұлы мен ақынның бауыры Шайдолла Жұмағалиевтің жары Рашида Хасенова кесті.
Авторлардың бірі ҚР Журналистер Одағының мүшесі Мүсірбек Айташев сөз сөйледі.
Фойеде М. Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі “Дарынды ақын, даңқты жауынгер” атты кітап көрмесін таныстырды.
Кейін мәдениет үйінде “Қаһарман қаламгер” атты әдеби — сазды кеш өтті. Абдолла оқуларының жүлдегерлері осы сахнада марапатталды.
Б. ШЕРІМ, БҚО “Сырым елі”