Қазақ халқы шай ішуден әлемде үздік ондыққа кіреді екен. Статистикаға сүйенсек, әрбір қазақстандық бір жылдың ішінде шамамен 1,4 кг шай өнімін тұтынады. Рас, қазіргі таңда ыстық сусынсыз ас ішілмейді, той-жиын да өтпейді. Бұрын егде жастағы жандар ғана сораптап ішетін болса, бүгінде шай ішу жастар арасында да сәнге айналған. Тұрақты тұтынушылардың қатары қалың. Тіпті, қала көшелерінде шайханалар көбейіп, шайдың түр-түрін табуға болады. Бірақ шайдың пайдасынан зияны көп деген пікірлер де бар.

Ресми деректерге сүйенсек, биылғы алты айда Қазақстанға 13 мың тонна шай импортталған. Бұл көрсеткіш бойынша, отандастарымыз 40 млн долларға шай жапырақтарын сатып алған. Бұған ел ішінде өндірілетін шай өнімін қоса есептегенде, көрсеткіш еселене түседі. Яғни, үздік ондықты түйіндеуге әбден лайықпыз. Бірақ мәселе бұл емес. Шай ішудің зияны туралы бұрыннан айтылып келе жатыр. Біздікі тек халықтың есіне тағы бір мәрте салу.

Жанна Нұрбергенқызы, Академик Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:
Шайды жиі тұтынатын адамдардың арасында өңеш обыры, асқазан аурулары және ас қорытудың бұзылуы жиі кездеседі. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін бұл мәселе өзекті. Маман ретінде ыстық сусындарды тұтынуды шектеуге кеңес беремін. Шай ішкенде, ең алдымен, ауыз қуысы мен өңеш жолдары күйіп, тітіркенеді. Кейін асқазанның шырышты қабығы зақымданады. Бұл ағзадағы зат алмасу мен ас қорытуды бұзады. Себебі, бөлінуі тиіс асқазан сөлінің бөлінуіне кедергі болады.

Иә, мамандар осылай дейді. Олар ыстық сусынның орнына су ішуді ұсынады. Бірақ тіршілік көзін де талғап тұтыну керек дейді. Мұндағы мәселе судың температурасына байланысты.

Жанна Нұрбергенқызы Академик Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:
Қандай су ішу керек десеңіз, бөлме температурасындағы жылы суды пайдалануға кеңес беремін. Себебі, ыстық шайдың зияны жоғарыда айтылды. Сонымен қатар, салқын су да ағзаға теріс әсер етеді. Салқын су денеге енгеннен кейін, оны жылыту үшін қосымша энергия жұмсалады. Екіншіден, бұл да ас қорыту жолдарына зиянын тигізеді.

Сондай-ақ, маман суды жиі ішуді ұсынады. Мысалы, салмағы 70 кг болатын ересек адам күніне кемінде 2 литр су ішуі керек. Бірақ бұл мөлшерге газдалған сусындар мен шай кірмейді. Жанна Нұрбергенқызы табиғи тіршілік көзін тұтынуды жөн санайды. Себебі, өкпенің 90%-ы, қанның 80%-ы, мидың 75%-ы судан тұрады.

#ФастНьюсКз #Шай #ШайдыңЗияны

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *