Кеше Хасан-Темір екеуміз Ақмола облысы, Ақмол ауданы, Оразақ ауылына ат басын бұрдық. Қасымызда Әлмұқан Сембиновтың қызынан туған жиені Бақыт апай, фотограф қарындас бар.
Мақсат – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, үш мәрте «Даңқ» орденінің иегері, барлаушы Әлмұқан Сембинов туралы дерек жинап, ата тегін түгендеу, нақты туған жерін анықтау. Былайғы мәліметтер анық болғанымен, оның туған жері екіүдай болып келген. Ол өмірге келді-ау дейтін ауылдар саны көп – «Жаңабірлік», «Бірлік», «Красни Флаг» деп әр түрлі хатталған. Архив қорларында туу куәлігі табылмады.
Ақылдаса келе ең дұрыс жолы «Ататек шежіресі бойынша қуаласақ қалай болар екен?» дедік. Онымыз тура болған сықылды. Байырғы аты Оразақ, сәбет кезінде «Красни Флаг», тәуелсіздіктен кейін қайта Оразақ аталған ауылда оның руластары, тіпті, көзін көрген қарттар тұрады екен. Ауыл әкімі біраз ақсақалды жинап қойыпты. Әлмұқан Сембинов – руы Арғын ішінде Төртуыл (Төрт ұл дейді кей дерек) атасынан. Одан бері таратқанда Көшімбай, одан Сарыкөбек, одан Байғозы, одан Сембай, Сембайдан – Оспан, Оспаннан – Әлмұқан туады.
Ауыл ақсқалдарымен жүздесіп, әңгімелерін тыңдап, Сембиновтың шежіресін нақтылап алдық. Әкесі Оспанның «Алтыншы» (Алтыннан түйін түйген шебер) деген лақап аты болыпты. Осы төңіректе атағы шыққан керемет зергер болған кісі екен. Анасы туралы мардымды ақпар жоқ, қазірше.
Ауыл тұрғыны Аманбай Мұқажанұлы ескі естеліктерін айтып, Әбітжан Сақанұлы екеуі Ә. Сембиновтің жеті атасы туралы толық шежірені жазып берді. Аманбай аға Әлмұқанның шешесін, өзін көріпті. «Әскерге осы Оразақтан аттанғанын көзімен көрген, Әлмұқан жайын көп білетін кісі бар еді, қайтыс болып кетті» деді. «Бұл ауылда, осы төңіректе Әлмұқан тараған атаның түгел ұрпағы ежелден отыр. Сіздер іздеген Астрахан ауданындағы екінші «Жаңабірлік» ауылымен Әлмұқанның қатысы болмауы тиіс. Ол жақта біздің атадан тараған адам жоқ» дегенді баса айтты.
Бұл ауылда арғын баласынан өзге төре, жалайыр, қожа сияқты рулар да бар екен. Жалайыр атадан тарайтын Қуат ақсақал: «Біздің Оразаққа қарайтын мына тұрған Бірлік ауылының аты бұрын «Құстұмсық» еді. Кейін сәбет қызылдары «Жаңабірлік» атады. Одан соң «Жаңасы» түсіп, «Бірлік» аты қалды қазір. Менің ойымша, Әлмұқан осы Құстұмсықта, немесе Оразақта туғаны анық» деді.
Биыл – Сәбет-Херман, немесе Хитлер-Сталин бастап берген ғаламдық екінші алапат соғыстың аяқтағанына 80 жыл толды. Ол жайында әр кім әр түрлі көзқараста болғанымен, бұл біздің қанды, зарлы тарихымыздың ұмытылмас бір парағы.
Алда Әлмұқан Сембинов жайлы «Тағдыры тарихқа айналған…» атты естеліктер кітабы оқырманға жол тартады деген жоспар бар.
Қысқаша:
Әлмұқан Сембинов – 1924 жылы туған. 18 жасында майданға аттанып, көзге тез түседі. Беларусь майданында 362-ші атқыштар дивизиясының барлаушылар взводын басқарған. Табиғаты қасқыр ғой, түн жамыла талай жортып, неміс жігіттерін тірі ұстап, қаншама «тіл» әкелген. Атақ, орден, медалдары көп.
1972 жылы Целиноградта қайтыс болған.
Ұларбек Дәлейұлы, жазушы
06. 02. 2025