Біз өскен ауылдың адамдары бөлек-тін. Олар ешкімге ұқсамайды. Себебі, жас талантты топырақ танытады деген түсінік олардың жадында о бастан сақталған. Сонысымен ерекше. Асыра сілтеді демессіз, мен туған өңір өз таланттарын қадірлеуге келгенде алдына қара салған емес. Және сол талантты ұл да қыз да ауыл тұрғандырын жерге қаратқаны жоқ. Тіл көзім тасқа…
Менің студент кезімде, Төлеген мұғалімім «Ертең үлкен ортаға аяқ басасың. Мен сені солай көрем. Сондықтан Дариға апаңмен осы бастан хабарласып, сөйлесіп тұр. Кішілігіңді көрсетіп, араласып тұрыңдар» деді. Ағайдан ондайды күтпеген мен шошып кеттім.
Дариға апа кім, мен кіммін? Ол кісінің анау қатулы қабағынан жел есеп тұрғанда оң жағына келе қалсам жақсы, келмесем ше? Төлеген ағай тапсырма берген соң, орындамасқа болмайды. Содан бастап, Дариға апайды алыстан бақылап жүрдім. Айтыстарға қатысады. Мінезі сұмдық. Басың бар, көзің бар демейді, ұнамаса айта салады. Қолына қаламын алса қоғамның шикі тұстарын газет бетінде шиырады. Жазғаны орындалып, кемтік түзеледі. Атағынан ат үркіп тұрған адаммен мен қалай араласпақпын. «Мен танысуға келіп едім» деген күннің өзінде ол мені қалай қабылдайды? Осындай сан сауалдың жетегінде жүргенде жылдар да өте шығыпты.
Бір күні телефоныма хабарлама түсті. Хатты оқысам «Нұргүлжан, мен Дариға апаңмын ғой. Керек едің хабарласарсың» депті. Ойлаңызшы, мен іздемеген, (іздеуге ол кісінің мысы басқан) Дариға Мұштанова хабарласып тұр!
Сол күннен бастап, Төлеген мұғалім айтқан аманат орындалды. Міне, сол күндерден бастап араласа бастадық. Дариға апай ел десе еміреніп, тіл десе тағдырына алаңдап, қазақтың баласы десе жанын шүберекке түйіп жүреді. , өткенімізді есімізге түсіріп, қаншама дүниелер жазып жүр. Оның атқарған сүбелі істерді де жетерлік. Соның бірі қазағынан орысы көп кезіндегі Федровка ауданындағы (Қазір Теректі ауданы болып аталады) Подстепный ауылынан «Үміт » гимназиясының ашылуына мұрындық болды. Сол ашылған жылы қара жұмысына дейін өзі жасады. Қара шашымен жер сыпырды десе де болады. Сол өзі құрған мектептің оқушыларын республикаға танытты. Қазір сол шәкірттер шет елдің кез келген оқуын шиырып тастап, елге қызмет етіп жүр. Елдің қамын ойлап, қоғам алдындағы парызын, мұрат мақсатын орындап жүрген осындай жандардың барында, олардан үлгі алар біздердің қателесуге құқымыз жоқ. Тұлғалар өздерін өздері жасамайды. Оның ісі мен ел алдындағы, қоғам алдындағы қайраткерлігі жасайды. Ал, осындай игі істің басы-қасында бола білген ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ы. Алтынсарин медалінің иегері, ақын-ұстаз Дариға Мұштанова тұлға десем артық айтқандығымнан емес, ақиқаты сол!
Нұрлыгүл Жұбатова, Х. Бөкеева театрының актрисасы, «Парасат» орденінің иегері.