Есек сорлыны пия-пия құртады. Сені де, сендерді де, жалпы жүмләні құртып жүрген сол — пия-пия ғой. Бойымызға әбден сіңіп кеткен қасірет болып тұр бұл. Бұрын тұмса босанған жас келіншек, жас қатындар ғана дәме ететін. Бір қызығы, біздің қазақ олардың дәме еткен нәрсесін беретін, «емшегі іседі» деп. Демек, дәме ету үшін дәмелі жанда салаңдаған емшек болуы шарт екен ғой. Олай болса, дәстүрге бақсақ, заты қатын дәме етуге құқылы. Қазір сол дәме ету — ұлттық дәстүрге айналғаны сондай, жыныс таңдамайтын болыпты. Айналаңда сенен дәме етпейтін тірі жан жоқ, дәмесіздердің беті жабылған. Қатының да, балаң да, тіпті досты айтпағанда, дұшпан да дәме етеді. Қызығы сол — қалағанын бермесең өкпесі қара қазандай болады. Қазір заман басқа, заң басқа, олардың сұрағанын қайдан табарсың? Әрине, мұнымен дәмекештердің шаруалары шамалы. Ағайын анау, ретті-ретсіз дәме еткеннен жарылып, енді бір-бірін көрместей болып отырған. Басшың мынау — алақаныма бірдеңе қыстырмады деп дәмесі Дәмегүлдің дамбалындай. Тіпті, еден жуатын жуан бөксе қатын да дәме етеді екен, жақсылап «жуып берсем» басекең қолыма бірдеңе ұстатар ма екен деп. Құдайы қонақ — тексерушің, олар да бір әлем, қай жерлерінің ісетінін қайдам. Дәме еткенде де ыржиған, ырбиған, тыржиған жерлерінің бәрінен суы ағып, діңкелері құрып отыр. Еңкейсең де дәме етеді, тоңқайсаң да дәме етеді, шалқайсаң да дәме етеді. Не істеу керек, әлде бәрін тәркі дүние жасап, дәмесіз деген жаққа қарай ыға көшеміз бе? Сонда бұл жұрттың бәрінің туғандағы бүркеме есімі Дәметкен мен Дәмегүл болғаны ма? Дәмесіз деген бір адамды көрмей-ақ өлетін шығармыз. Сұрағанын берсең — адамсың, бермесең — жамансың, онысын айтып, терсең — «түсінігі жоқ» надансың! Шаршадық, өздігімізден шаршаған жоқпыз-ау, әр нәрседен есекдәмелілер әбден шаршатты титыққа тиіп…
Берік ЖҮСІПОВ, Филология ғылымдарының кандидаты

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *