ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ — ТЕАТР
Бүгін 27 наурыз – Халықаралық театр күні қарсаңында қаламыздың мәдени өміріне дем беріп, сахна шығармашылығын дамытуға үлес қосып жүрген өнер майталмандары мен өнер жолын қуған жас дарын иелері марапатталды.
Салтанатты шарада партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева: Театр — өмірлік мәселелерді шешудің жоғарғы сатысы. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Өздеріңіз білетіндей, аймағымызда да ауқымды жобалар қолға алынып, «Руханият жылы» аясында бірнеше нысандар, зәулім өнер орталықтары пайдалануға берілді. Бұдан бөлек мәнді де мағыналы қойылымдар сахналанып жатыр. Аймағымыздың өнерпаздарының, театр актерларының жоғарғы шыңдарды бағындырып, халықаралық дәрежеде абыройға кенелуі біз үшін үлкен қуаныш. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын,-деді.
Жиында қалаға қарасты ауылдық округтар жанынан құрылған театр ұжымдары мен жастар театрларының өкілдері марапат төрінен көрінді.
Айта кетейік, 1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» деп бекітті. Содан бері дәл осы күн ерекше рухани мереке ретінде әлем бойынша атап өтіліп келеді.
1917 жылы Семей өңіріндегі Ойқұдық жайлауында жазушы, драматург – Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасымен қазақ театр өнерінің тұсауы кесілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің есебі бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда 57 мемлекеттік кәсіби театр жұмыс істейді. Оның ішінде: Опера, балет, драма, комедия, оперетта, балалар мен жасөспірімдерге арналған 11 республикалық және 46 өңірлік театрлар мен корей, ұйғыр, неміс, өзбек сияқты этникалық театрлар бар.
#AMANAT