Біздің жақта тау болмаған, болмайды…
«Қауырсын қалам» айдарының қонағы — Нұрлан Төлеуішев. Ол 1985-жылы, 13-ші қаңтарда БҚО, Сырым ауданы, Алғабас ауылдық округіне қарасты Ақсай елді-мекенінде дүниеге келген. Бүгінгі күнге дейін көптеген әндер мен жазба жырлардың авторы.
Нобельдің серті.
Анна деген ару қыз ғой шет елдік,
Көрген адам ессіз болып кетерлік.
Қыз болыпты ақылы мен ажары,
Бір басына өмір бойы жетерлік.
Ол бой жетіп, он жетіге толыпты,
Жолын торып, талай жігіт жолықты.
Арасында ғашық болған жандардың,
Нобель атты бір жас ғалым болыпты.
Сол жас ғалым, Аннаны ойлап күн жүрді,
Жолықпақ боп, дәті бармай түн жүрді.
Жасқаншақты батылдыққа жеңдіріп,
Бір күні ол, бар сезімін білдірді.
Анна деген есті қыз ғой қашаннан,
Нобель оны гүлге ұқсатты жасанған.
Ару айтты: -кешірім ет, жігітім,
Сүйгенім бар, одан әсте бас алман.
Тас түнекке айналғандай күні тым,
Есін жиып, сен де деді үмітім.
Анна тағы, күрсініп ап, сөйледі,
-кешіріңіз, кеш қалдыңыз, жігітім.
Екеу ара үзілді де қолдан-қол,
Анна ару, Нобельге енді жапты жол.
Бұрылды да, жирен шашы желбіреп,
Шарбағына еніп бара жатты ол.
Күндер өтті, айлар өтті, жыл өтті,
Ғашық дерді жігітті әбден жүдетті.
«Анна ару сүйгеніне қосылды»,
Деген хабар тіліп түсті жүректі.
Енді бұлай қорлануға болмайды,
Онда өмірі қор болып шын сорлайды.
Нобель солай жеңілістен күш алды,
Ол ғылымға шын беріліп, тұсалды.
Талмай тынбай, күні-түні еңбекпен,
Жеңіп шықты жүректегі құсаны.
Шаттық нұры көзінде ойнап, жас ғалым,
Көңілімен құшқандай боп аспанын,
Әкесіне басын сүйеп отырып,
Әке деді, мен жаңа өмір бастадым.
Болашақта бәрінен де асамын,
Тың ойлардан көп жаңалық ашамын.
Бүкіл әлем, біліп менің атымды,
Ғылымда шын, жарық сәуле шашамын.
Адал арман болса адамда жоғары,
Сол адамға бақыт өзі қонады.
Бір кездегі мені ұқпаған Анна қыз,
Сонысы үшін өкінетін болады.
Содан қанша уақыт озды арадан,
Осы аңыз, күллі әлемге тараған.
Жақсылыққа толы болса, жең-ұшы,
Сол адамның мол болады жемісі.
Бұл күндері Нобель атты сыйлық бар,
Ол Нобельдің өз сертінің жеңісі.
****
Біздің жақта тау болмаған, болмайды,
Тау көрмегем, тірлігімде сол қайғы.
Бірақ-бірақ, арманым бар тау сынды,
Тауларға үлкен, ақ сәлемін жолдайды.
Тауға ұқсап, жаңғырық боп бір күлем,
Көз жасымды тау суы ғып іркілем
Ойға батсам, тау секілді толғанып,
Ал, шаттансам, тау секілді сілкінем.
Шет-шегі жоқ, даламды кең құшамын,
Жетеді оған бойымдағы күш — ағын.
Төбешік боп, тұрсам да мен төменде,
Көлемі кең, тау сияқты — құшағым!
Біздің жақта тау болмаған, болмайды,
Тау көрмегем, тірлігімде сол қайғы.
Бірақ таулар, мен барымды біледі,
Жасымайтын, асқақ жігер жолдайды.
Сондықтанда, тау секілді толғанып,
Сондықтанда, тау секілді сілкінем!
****
Көк жүзін кезіп жүр, Күн жігіт,
Қайда деп Ай-Сұлу келіскен.
Сапарлап қайтса да түн жүріп,
Таба алмай мұңайды ол, тек іштен.
Жұбатып Жел жыршы айтады ән,
Болады Күн демін алғандай,
Таң күлсе, шығады ол қайтадан,
Қайда деп Ай-Сұлу, ақмайдай?
Күн жігіт жүрегі бұл — тасқын,
Ғашығын іздеуден талмайды.
Ақ бұйра, ақ ұлпа бұлт астын,
Кездесіп қалар деп шардайды.
Сұлу-Ай, Күн жігіт сырын шын,
Меніңше бей хабар, білмей ме?
Білсе егер, көп Жұлдыз құрбысын,
Ілестіріп қарсы ол жүрмей ме?
Жасымай жалынды тұлғасы,
Мол шуақ көзінде шаттанды,
Алдында мәңгілік тұр ғасыр,
Әнеки, тағы да ол, аттанды.
Жүрекке жүрмейтін әмірі-ай,
Күн жігіт көңілінде маздаған.
Ынтық қып, сор қылған тәңірі-ай,
Жолығып тұруды жазбаған.
****
Жанымды жаныштар жоқ қайғым,
Шарпыған, жалынды оттаймын.
Алаулап тұрсам да, жаным-ау,
Неге осы өткенді жоқтаймын?
Патшадай паң жаны арыған,
Түскендей бейне бір тағынан,
Бар шаттық, жанымда жүрсе де,
Неге осы өткенді сағынам?
Құлазып, мұң басқан күздеймін,
Әйтеуір, бір үміт үзбеймін.
Шақта анау, мен қимас не қалды,
Неге осы өткенді іздеймін?
Күн зырлап өтсе де, қанша, ай-күн,
Қол бұлғап тұрғандай, сонша-ай, кім?
Жанымды қоярға жер таппай,
Неге осы өткенді аңсаймын?