…фильмдердегі диалогтардың деңгейі төмен. Оқиға желісі жасанды. Оған кейіпкерлердің ойынын қосыңыз. Неге бұлай? Себебі қазір түрі бар, білімі жоқ «шала» актерлерді алады. Болмаса, ақшасы бар кез келген адам камера сатып алып, иығына асып алады да, фильм түсіре береді. Ал шындап келгенде, оператор да – бес жыл оқитын оқу-тоқуы бар мамандық. Ол уақытта жарықпен жұмыс істеуді, түс пен жарықтың үйлесімін, композицияны, графиканы – бәрін меңгеруі керек. Адамның арнайы білімі болмаса, сапасыз жылтырақ дүние шығады. Ал «жылтырағанның бәрі алтын емес». Мысалы, бір қалталы адамның ақ халат сатып алып, нейрохирургиялық ота жасағанын елестетіңізші. Талай адамды ажалынан бұрын аттандырып жібермей ме? Өйткені ол саланың маманы емес. Қазіргі «режиссерлердің» жұмысы да сол секілді. Олардыкі – тек ақша табудың жолы. Сосын популяризация, яғни өз-өзін қалай да көпшілікке танымал ету. Бірақ дәл бұлай жер өртеп, ат шығарудың қажеті жоқ. Бізге қазір қоғамды, елді, халықты, тіліңді, діліңді, дініңді ойлайтын, жаны ашитын, осыған жөн сілтемесе де, ең болмаса, диагнозын қойып беретін тұлғалар керек. Су сияқты ғой. Крандағы суды ішсең, дәмі жоқ. Кейбірінен, тіпті ауырып қалуың мүмкін. Ал бұлақтың суы басқа. Жан сарайыңды ашады. Шөлің қанады. Бірақ ол көп емес. Іздеп табу үшін біраз жерді шарлауың керек. Білетін адамдардан жөн сұрау, жол сұрау керек. Ол – Алланың адамға берген сыйы. Біз осындай кәусар бұлақтарға қалай зәру болсақ, таланттарға дәл солай зәруміз. Ал крандағы хлор қосылған судың бізге керегі жоқ. Ол қол жууға, кір жууға ғана жарамды. Қол жуылар, кір жуылар, ал жүректің кірін кім жуады?
Талғат Теменов , режиссер
«АЙ АСТЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ» кітабынан алынды

/сурет ашықдереккөзден алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *