Оқиға ауылда өтеді. Бас кейіпкер мектепте оқиды. Және өте жақсы оқиды. Сондай білімпаз бала.

Аяқ астынан қаладан бір аппақ қыз келе қалады. Ауылға. Оқитын боп. Әкесі әлдебір қызметпен осында ауысқан. Оны (әкесін емес, қызды) мектеп директоры ертіп әкеліп, бүкіл сыныпқа таныстырады. Сосын о қағынғыр қыз да басқа отыратын орын таппағандай, тура басты кейіпкердің – әлгі білімпаз баланың жанына жайғаса қалады.

Басталды – бүкіл сынып ұлдары ана аппақ қызға ғашық болады.

Сол класта кемінде 15 қыз бар шығар, бұл албастылар соларға қарамайды да, жаңағы үлкен қаладан келген үлбіреген біреуге ынтыға салады. Әлгі 15 қыздың бәрі қап-қара емес шығар? Болса болсын, бірақ қара қыздың бәрі – әдемі емес деп кім айтты? Қара қызды жақсы көрмеу керек дегенді кім ойлап тапқан жалпы? Адам деген тек аппақ қызға ғашық болуы керек пе?

Жарайды, бәрі ғашық бола берсін. Бірақ ана қызда да бір «вкус» болсайшы. Бой десе бойы бар, ой десе ойы бар, «прическасы» күшті, сабақ оқып қарық қылмаса да, сыныпта әжептәуір абыройға ие, мінезді жігіттерге қарамай, құлағы қалқайған, жұт көргендей рабайсыз арық, алдыңғы жылы мектеп бітіріп кеткен ағасынан қалған кең киімді қолпылдатып киіп жүрген жаңағы оқымысты балаға (сірә, жазушының өзі-ау) ықыласты бола қалады.

Бұл қоқыбас та, әрине, мәз. Екеуі сырласа кетеді. Сұмдық пікірлесулер болады. Жылайтын тұстар бар дегендей (әрине, баяғы «Бармысың, бауырым!» деген хабарды үнемі көретін көңілі бостар үшін). Үйлену «необязательно», өйткені аппақ қыздың әкесі де шаруасы ауысқыш шошаңдап қалған біреу екен, тағы көшіп кететін болады. «Қызметі тұрақсыз» қыдырымпаз ағайдың қызы мен мындағы мың болғыр оқымысты баланың қимай-қимай қоштасатын әсерлі-міш сәттері тағы бар…

Осыдан жалығатын уақыт болған жоқ па?

«Партадағы махаббат», «мектеп кезіндегі өзіміз үшін ғана тартымды оқиғалар» бәріміздің басымызда болды. Бола да береді. Жасамыс өтеді, жас өседі. Бірақ олар (қызықтар, сезімдер) – тек өзіміз (авторлар) үшін ғана қызық қой. Елді (оқырманды) ерекше тәсілмен ойландырмасаң, еліктіріп алып кетпесең сенің жай ностальгияң кімге керек?

Түсінбеймін. Бәлкім, елуге келгенше есі кірмеген біреу шығармын…

Сәкен Сыбанбай, жазушы

/жазба автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *