Қытай ғалымдары Тянь-Шань етегінде жауын шақыру бойынша сәтті тәжірибе жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қытай ғалымдары ауа райын басқару технологиясы аясында Синьцзян Ұйғыр автономиялық ауданында – Тянь-Шань тауының етегінде жауын-шашын мөлшерін жасанды түрде арттыруға қол жеткізді. Дрондардың көмегімен жүргізілген тәжірибе нәтижесінде жауын-шашын көлемі 4,3%-ға көбейген.

Жер шарындағы орташа температура жыл сайын артып келеді. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) мәліметінше, парниктік газдардың көбеюі экстремалды табиғи құбылыстардың жиілеуіне және ауқымды экологиялық зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ауа райын бақылау мен реттеу технологиялары маңызды шешімдердің біріне айналуда.

Ғалымдар 5 мың метр биіктікке екі түрлі дрон ұшырып, олардың бортынан 125 граммдық блоктарға салынған күміс йодиді шашқан. Барлығы 997 грамм химиялық зат қолданылған. Йодид күмісі ауаға секундына 0,28 грамм жылдамдықпен тараған. Шашу жұмыстары Қытайдың батысындағы Баянбұлақ жайылымы үстінде жүргізілді.

Эксперимент нәтижесінде 68 миллион литр қосымша жауын-шашын тіркелді. Бұл көлем 1,9 метр тереңдіктегі 30 олимпиадалық жүзу бассейнін сумен толтыруға жеткілікті.

Зерттеу үш түрлі тәсіл арқылы тексерілді:

  1. Тікелей өлшеу: Жаңбыр тамшыларының диаметрі 0,46 мм-ден 3,22 мм-ге дейін үлкейгені байқалды. Спутниктік деректер бұлттардың жоғарғы бөлігінің 10°C-қа дейін салқындап, шамамен 2,8 км-ге көтерілгенін көрсетті.
  2. Климаттық деректерді талдау: Соңғы 50 жылдағы мәліметтер негізінде жауын-шашын көлемінің 78,2 мың м³-ге (яғни 3,8%) өсуі күтілген.
  3. Модельдеу әдісі: Компьютерлік болжам жауын-шашын көлемі 73,8 мың м³-ге (4,3%) артады деп көрсетті. Бұл нақты нәтижемен толық сәйкес келген.

Жобаны Қытайдың Метеорология басқармасына қарасты Бұлттарды жауын-шашынға айналдыру физикасы және ауа райын модификациялау зертханасы басқарды. Зерттеу нәтижелері Desert and Oasis Meteorology атты ғылыми журналда жарияланды.

Осындай тәжірибелер бұған дейін Қытайдың Гуйчжоу, Шанхай, Ганьсу және Сычуань өңірлерінде де жүргізілген. Ғалымдардың айтуынша, ауа райын басқаруға бағытталған бұл технология болашақта құрғақшылықпен күресте, ауыл шаруашылығын қолдауда және су ресурстарын тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *