Осы жылдың 1-ші желтоқсанынан бастап «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы басталады. Әр жыл сайын екі мәрте дәстүрлі түрде өтетін акцияның мақсаты — киіктің күйек пен төлдеу мерзімін ескеріп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу, браконьерлік жасауға, сатуға және Үстірт, Бетпақдала, Орал популяциясының және жануарлар дүниесінің басқа да түрлерінің дериваттарын алуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз қызметін анықтау жұмыстарын күшейту.

«Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Махановтың айтуынша, аталған шара мерзімі 2024 жылдың желтоқсан айынан келесі жылдың 15-ші қаңтары арасын қамтитын болады.

«Киік» кең ауқымды акциясы еліміздің 14 облысының аумағында, атап айтсақ, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының және көршілес облыстардың іргелес аудандарының аумақтарында жүргізілетін болады. Аталған өңірлердегі киік мекен ететін аймақтарға қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның 163 инспекторы, 25 жүргізуші және 80-ге жуық автокөлік жұмылдырылып, оған қоса ұшу аппараттары, түнгі көру құрылғылары қолданылып, басқа да барлық мүмкіндіктер пайдаланылатын болады. Өздеріңізге белгілі, киік жойылып кету қаупі төнген тұяқты жануарлар қатарына жатады. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2015 жылғы 24 шілдесіндегі №190 санды бұйрығының талабына сәйкес ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, елдің бүкіл аумағында киікті, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін аулауға және тұтынуға тыйым салынған. Қазір киіктің көбеюіне байланысты жойылып кету қаупі бар жануарлар тізімінен алынғанмен Үкімет тарапынан оны аулауға және тұтынуға рұқсат берілген жоқ», дейді Р.Маханов.

Қазақстанда киік мекен ететін Орал, Үстірт және Бетпақдала деп аталатын үш популяция бар. Биыл көктемгі санақ бойынша Орал популяциясында – 1 миллион 620 мың, Үстірт популяциясы – 63 мың 600 және Бетпақдала популяциясында – 1 миллион 150 бас киік тіркелген. Барлығы – 2 833 600 бас.

Расул Махановтың сөзінше, осы акция аясында құзырлы құқық қорғау орган қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар жоспарланып, жоспар негізінде «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Түркістан», «Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы жолдарда мобильдік топтар мен арнайы құрылған бекеттер жұмыс істемек.

Ержан ҚОЖАС

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

1 Comment

  1. Беделді бол! Тірліктеріңнің, алға қойған
    мақсатарыңның берекетін берсін !

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *