Қазір өзі той-дабыра, мәнсіз отырыс, артық ұйқы дегенді ұмыттық. Ұмытқан жоқпыз, саналы түрде бас тартамыз.
Хасан-Темір екеуміз жұмыс күндері қол босай бермейтіндіктен, сенбі мен жексенбіні пайдаланып, ақсақалдарымыз бен апаларымызға амандаса жүруді, амандаса жүріп, не бір әңгімелерін, естеліктерін тыңдауды, өзі рұқсат етсе жазып алуды ғадетке айналдыра бастадық.
Екеуіміздің мақсатымыз – архивтегі жұмысымызға да байланысты. Әр жақсының үйіндегі құнды қолжазбаларға, кітаптарға, мұрағаттық дүниелерге көзіміз тұнады)
Солар жинаған бір түйір тебеннен тартып, әлдеқашан ұлт керегін толықтаған еңбектері, оның алғашқы қолжазбалары, күнделіктері, жарық көрмеген өзге де дүниелері жоғалмаса екен, жақсылап сақталса екен дейміз.
(Жасырары жоқ, әсіресе, Алматы жақта, балалары орысша оқып, ата жолынан айныған талай игі-жақсының бәлен том кітаптарын, тонналаған қағаздарын бала, немере, шөбересі… қоқысқа шығарып тастапты» дегенді соңғы кездері көп естіп, жанымыз түршігетін болған)
Әр балаға Көк Тәңірі өзі тәуфиқ бергей!
Тағдыр жазмышына қарай, әр кімнің жағдайы әр қалай. Біреуінің үйі тар, бірі туада ұқыпты емес, бірінің есейіп, жан-жаққа кеткен балалары басқа қалада тұрады дегендей. Сондықтан «Қай мықты болмасын, ол жазған, жинаған мұралардың көбі архив қорына жетсе, онда талаптарға сай ұзақ мерзімге сақталады, Мемлекет қарауына өтеді, іздеушілер сонда келіп, базадан-ақ тауып алады» деген мақсат қой. Сол негізде, бұрыннан жалғасып келе жатқан игі шаруаның бір шетіне шықсақ деген ой.
Бүгін түс ауа оқу-жазуымызды доғара тұрып, түркітанушы ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлына арнайы амандаса бардық. Мұхитқа желқайығыңды салсаң, шет-шегіне жете алмасың белгілі. Үш сағатқа жуық отырғанда бізде сондай жағдайда болдық. Сондай бір ғажап кездесу болды. Батасын, кітаптарын алдық, кітап сыйладық, ырымдап жұмыс үстеліне отырдық, естелік суретке түстік.
«Жоғалып кетпей, жиі келіп тұрамыз» деп уәде бердік. Күтімі, денсаулығы қазірше жақсы көрінді.
«Ақселеу досым – менің рухани өміріме мүлде кірігіп кеткен қимасым еді. 2009 жылы одан айырылып қалдым. Үйдегі шешейлерің бар ғой, бәйбішем, ол да сол жылы кетті. Бір жылда қос өкпемнен соққан екі өлім мені ойсыратып кетті. Жыл бойы қалам ұстай алмай жүрдім» дейді.
«Жазу деген жолға шындап түскен екенсіңдер, енді артқа қайтар жол жоқ. Не жазсаңдар да, ата-бабаның биік рухынан, ғаламат тарихынан, асыл жолынан келешек ұрпақ көз жазып, айырылып қалмаса екен деп, сол бағытта бірдеңе қалдырып кетсем дегенді ту қылып ұстаңдар» дейді.
Ағамыз өте көп дүниелер айтты, Хасан-Темір екеуімізге.
Кейін Жаратушы ғұмыр берсе, «Хасан-Темір екеуіміз» деген көлемді эссе жазармын)
(Қазір маңызды сәттерді күнделікке алып отыратын әдетім бар. Ай-күннен, адам аттарынан, желіден жаңылмас үшін)
Сіздерге мағлұм болғай деп:
Қойшығара ағамыз «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эсселері арқылы жалпақ жұртқа танылды.
Хуашия-қытайға ғылыми сапармен барып, «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «Түріктер. Жыужандар», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» деген сияқты үлкен еңбектер жазып, қазаққа ұсынды. Еңбекқор ғалымның қаламынан «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер», «Ортағасырлық түріктер», «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін», «Өмірбаян туған күннен басталады» атты еңбектері сізді тарих иіріміне бірден тартып әкетері сөзсіз.
Ұларбек Дәлейұлы, жазушы
02.02.2025 ж.
/суретті түсірген Асан-Хасан

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *