Мектеп қабырғасында жоғарғы сынып оқып жүрген кезімде, теледидардан бір спектакльді көрдім. Тапжылмастан отырып, бір деммен көріп шықтым. Бұл Ш. Айтматовтың » Көктөбедегі кездесуі» еді. Қойылымды қарап отырып, «Мен әртіс боламын!» дедім. Сол қойылымға сүйіспеншілігімнің артқандығы соншалық, көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Оны сомдаған әртістің кім екенінде хабарсызбын, алайда, жаныма жақын болғаны сондай әлгі эпизодтарды жаңа ғана көргендей күй кеше беремін. Кейіннен анықтағанымдай сол қойылымдағы ұстаздың рөлін сомдаған —  Хадиша Бөкеева апамыз екен.

Біздің театрда  марқұм Тельман Имашев ағамыз, қай рөлге түсерде де «Ұстазымен ақылдастым» деп отыратын. Суретшінің артында қаншама суреттер мұра болып қалса, педагог актёрдің артында қаншама шәкірттер қалады. Айталық, Хадиша апайдың ізінен ерген шәкірттері қазақ театр өнеріне түрен салған тұлғаға айналды. Олар — Әшірбек Сығай, Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов.

22-жыл театр сахнасында ешбір әртіспен ауыспай әйгілі Катаринасын Петручё — Шәкен Аймановпен бірге ойнаған. Ал, апайдың сұхбаттарын тыңдап отырсақ, өзін емес, қасында сахнада бірге ойнаған аяулы жандар туралы үлкен толғаныспен әңгімелейді. Қай заманның кейіпкерін сомдауда да үлкен еңбекпен келгендігін өз естеліктерінде айтып кеткен, жазып қалдырған.

Біздің Орал театрына Х. Бөкеева есімінің берілуі де кездей соқтық емес. Ел ағаларының тұлғаны танығандығы деп ойлаймын. Апайдың есімін туған жер театрына беруді Әзербайжан Мамбетов ағамыз ұсынып кеткен болатын. Міне, тұлғаны-тұлғаның мойындауы.

Өз құлағыммен естіген бір әңгіменің мазмұны мынау еді. Бірде ертеректе мәдениет саласында еңбек еткен бір азамат «Елге келген қанша тұлғалар не алып кетпеді. Сұрағандарын вагондап тиеуші едік қой. Ал, ештеңе сұрамайтын және сұрамаған жалғыз осы — Хадиша апайымыз болатын» деп ағынан жарылған. Көрдіңіз бе, апайдың табиғатында адамнан тіленіп, сұрамсақтану әдеті болмаған. Бұл да сол ұлыларға ғана тән қасиет.

Сол бала кезімдегі мені әртіс болуға арқаландырған тұлғаның атындағы театрда қызымет жасағаныма 30 жылға жуықтады. Маған бағдаршам болған тұлғаның ұрпаққа шапағаты тисін. Жаны жәннатта болғай!

Нұрлыгүл Жұбатова, Х. Бөкеева театрының актрисасы,  «Парасат» орденінің иегері.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *