Қазақстанда қоқыстың 25% ғана қайта өңдеуден өтеді
Жыл сайын 4,5 млн тонна тұрмыстық қоқыс жиналады. Ал қайта өңдеу ісі тұралап тұр. Қалдық үйінділерінің тек 26 пайызы ғана қайта кәдеге асады. Бұл үкімет межелеген жоспардан 30 пайызға кем. Иә, салада күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе көп. Мұның артында тұтас елдің денсаулығы мен экологиялық мәселелер тұр. Не істемек керек?
/сурет ашық дереккөзден алынды
Министрлік не дейді? Жауаптылардың пікірінше, тариф саясаты кемшін түсіп отыр.
Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер арнайы кәсіпорындардың шығындарын жабуды қамтамасыз етпейді», – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Осы тетік шеңберінде ТҚҚ-ға шекті, экономикалық негізделген тарифті бекіту, сондай-ақ оны әкімдіктер деңгейінде белгілеу жөніндегі құзыретті айқындау ұсынылуда. Бұл бойынша қазіргі және ұсынылатын тарифтер арасындағы айырмашылықты утиль алымдары есебінен жабу жоспарланып отыр.
Өндірістік қалдықтарды өңдеу ісінде де шешілмеген түйткілдер бар. Бүгінгі үкімет отырысында осы мәселе сөз болды.
Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алу үшін тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет. Энергетика кәсіпорындарының күл үйінділері де көбейіп барады. Барлық қалдықтарды тиімді басқарудың айқын жүйесін жасап, оны цифрландыру қажет. Дұрыс тәсілдерді қолдану арқылы қалдықтарды жойып қана қоймай, оларды қайтадан кәдеге жарату керек», – деді Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысы олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Президент өңірлерде талаптарға сай полигондар мен қайта өңдеу зауыттарын салуды тапсырған болатын. Осы мақсатта елде 67 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны – 317 млрд теңге. Бұл бастамалар утиль төлемі есебінен қаржыландырылады. Төлемдер бойынша екі жылға дейінгі демалысы бар, жылдық 3%-дан 15 жылға дейінгі қарыздарды қамтиды. Дегенмен, бұл да теңізге тамған тамшыдай. Үкімет басшысы Олжас Бектенов салада ілкімді істермен қатар, іркілістер бар екенін атап өтті.
«Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін былтыр елімізде арнайы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген болатын. Бүгінде 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда, оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз. Бүгінде 67 жоба қаралған. Соның 6-ауы ғана 4 млрд теңге сомасында қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаларды дайындау барысында әкімдіктер тарапынан үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді. Жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу бойынша барынша белсенді жұмыс жүргізу керек», – деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ, тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықты сұрыптау, қоқысты бей-берекет тастамау мәдениетін қалыптастыру да маңызды. «Тоқпағы қатты болса, киіз қазық жерге кіреді» дегендей, министрлік ескертуді елемей, тыйымға құлақ аспайтындарды айыппұл арқылы тәртіпке келтіруге ниетті. Мәселен, елде қалдықтарды басқару талаптары бойынша экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 2022 жылдан 2024 жылға дейін 14,3 млрд теңге сомасына 405 айыппұл салынған. Бұл жайлы бүгінгі үкімет отырысында еліміздің бас экологы айтты. Тіпті, заң бұзуға бейім компанияларды жіпке тізді. Айтуынша, «Каспий Мұнай» АҚ 13,7 млрд теңге, «Altyntau Kokshetau» АҚ және «Қаржы-инвестициялық корпорация» АҚ сәйкесінше 145 млн теңге және 108,7 млн теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір кәсіпорын қалдықтардың көлемін азайту мақсатында ең үздік қолжетімді техниканы пайдалануды ескере отырып, Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге міндетті екенін атап өткен жөн.