Театр — халықтың рухани болмысын бейнелеп, тарихи жадысын жаңғыртатын ерекше өнер түрі. Театрдың алғаш пайда болған мекені – Ежелгі Грекия. Өз тарихын елдің мінез-әдетінен, салт дәстүрінен бастаған театр қазақ даласына жиырмасыншы ғасырдың басында келіп, құнарлы топыраққа құйыла кетті. Академик Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, «Ерте күнде ас пен тойда, ұлы жиында ізденіп келіп өлеңмен, әнмен айтысатын көп ақындар, өз заманында театр жасамай, не жасады?» Бұл әрине, театр өнерінің дәстүрлі фольклорлық негізден бастау алғанының айғағы.

Қазіргі таңда қазақ кәсіби театры ғасырлық межеден асып, ұлттық өнердің биік белесіне көтерілді. Тұрақты көрерменін қалыптастырды.
Әлем театрларының көшінен қалмай өнерге өз үлесін қосып жүр.

Осы тұрғыда санада бірнеше сұрақ жаңғырды…

🎭Қазақ театрын не қорғап тұр?
🎭Қазақ театрына не жетпей тұр?
🎭Қазақ театрының қуанышы неде, мұңы ше?
Шынымен де, бүгінгі қазақ театрының негізгі тірегі не? Оның даму жолында қандай ішкі немесе сыртқы кедергілер бар?

Кез келген театрдың рухани-мәдени миссиясы бар. Оның шығармашылық еркіндігі мемлекеттің идеологиясымен астасып жатса ол соған сай көрермен қалыптастырады.

Ал көрермен келбеті қоғамның бейнесі, ұлттың негізі. Мысалы, еліміздегі орыс театрларының алдында орыс халқының рухани құндылықтарын насихаттау, классикалық мұрасын жаңғырту, тіл мен ділін дәріптеу сынды міндеттер тұр. Орыс театрларының басын қосатын фестиваль, байқаулар қазақ жеріндегі өзге ұлт өкілі театрларының бұл бағыттағы мақсат-мүддесін тұтас, ұстанымын берік етеді. Өз елінің ғана емес өзге елдің қолдауын сезетін театр шабыттанатыны анық. Бұл әрине, жаһандану кезеңіндегі ұлттық бірегейліктің, нақты бір мемлекеттің қолданып отырған жұмсақ күштің [soft power]көрінісі.

Ал қазақ театрының қазіргі миссиясы қандай? Ол патша көңілді көрерменнің көңілінен шығуды ғана көздей ме, әлде ұлттық болмысты терең тануға ұмтыла ма?
Ұлттық театрлар сахнасындағы қойылымдар осы мәртебеге лайық па? Классиканы жаңаша сөйлеткен режиссерлік шешімдерден біз қандай бейнені көріп жүрміз? Ұлттық болмыстың қай қыры бүгінгі күннің айнасына айналды?

🎭Аймақтардағы театрлардың жай-күйі де назар аударуды талап етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңірлерде жаңа театр ғимараттары салынып, ұлттық рухты көтеретін маңызды мәдени ошақтар пайда болды. Сахна төрінен қазақ тілінде сөйлеген хандар мен билер, жыраулар мен батырлар бейнесі көрерменнің рухын асқақтатты. Алайда бүгінгі күні бұл театрлардың жағдайы қандай?
Облыс театрлары шығармашылық еркіндіктен гөрі жергілікті әкімдіктің мерекелік шараларына байланып, протоколдық мәдени қызметтен шыға алмай жүрген жоқ па? Таланты актерге жағдай жасалынып жатыр ма әлде оның бар арманы елорда театрына ілігу ме?

🎭Актер — театрдың жаны. Драматург пен режиссердің жұмысын не бар не жоқ ететін театр құралы. Кез келген театр ең алдымен буын-буын актерлік құраммен танылады. Бүгінгі актер қауымының кәсіби дамуы қандай? Ол көрерменге сахнадағы бейнесімен бе әлде тамада немесе жүргізуші ретінде таныс па? Көрерменге рухани бағдар беруші ретінде қабылдайтын актерді біз сол үшін жазғыра аламыз ба? Жоқ, әрине.

Бүгін театр актерінің орташа жалақысы елдегі өмір сүру деңгейіне сай келмейді. Бұл жайт кәсіби маманның бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп қана қоймай, театрға жаңа таланттардың келуіне де тосқауыл болады. Жас актерлер тұрақты шығармашылықтан гөрі, той индустриясына (жүргізушілік, тамадалық) бет бұрады.

Театр – тек ойын-сауық отауы емес, ол — ұлттың рухани тірегі. Бүгінгі таңда қазақ театрын қорғап тұрған — оның тарихы, тілі, ұлттық діңгегі. Ал жетіспейтіні…

Батыс менеджмент мектебінде SOC[subjective, objective, collective] өлшемдер жүйесі бар. Ол кез келген ұйымның стратегиялық жолын анықтаудағы қолайлы тәсіл. Осы модельді қазақ театрына бейімдесек біраз мәселе көтеріледі. Ал талқыға салынған сұрақтың жауабы да болуы заңдылық.

SUBJECTIVE [субъективті өлшем]
Бұл деңгейде актердің ішкі мотивациясы, кәсіби тұрғыдан қанағаттануы ескерілуі тиіс. Еңбегінің төмен бағалануы, мардымсыз жалақы актерді қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр етеді. Бұл шығармашылық еркіндік пен кәсіби ізденіске кері әсер етіп актердің ішкі күйзелісін күшейтіп, кәсіби бағыттан ауытқуына себеп болады.
Таланты драма актерін той мен шоудан алшақтату әр буынның мықтыларын айшықтап, көрерменнің театрға сүйікті актері үшін баруына себеп болады.
Қалай десек те, көрермен үшін сахна төрінен саф алтындай жарқыраған талант — сакралды ұғым. Ол үшін шетелдік шеберлік курстар, стажировкалар театр әкімшілігіне жақын емес, шынайы талант иесіне бұйыру керек. Бұл — театр әкімшілігі жүргізетін жүйелі жұмыс.

OBJECTIVE [объективті өлшем]
Бұл өлшемде құрылымдық, материалдық-техникалық, қаржылық жағдай, репертуар саясаты, кадрлық менеджмент қарастырылады. Кәсіби сыншылармен тығыз байланыс орнату да осы өлшемге тиесілі, бұл мәселе әсіресе облыс театрларында анық байқалады.
Театрдың стратегиялық басқару жүйесі осы модельде көрініс табады.

COLLECTIVE [коллектив, ұжымдық өлшем]
Аға буын актердің бірде маған айтқан «актерлер өмірде дос болғанымен, сахнада дос емес тек әріптес болады» деген сөзін осы өлшемге лайықтасақ, театр ұжымында диалог пен пікір алмасу, әріптесінің роліне конструктивті сын айту және ол сынды көтеріп қана қоймай нәтиже шығару, талантты ойынды әріптес ретінде көре білу, қолдау көрсету, аға/орта/жас буын арасындағы сабақтастықты үзбеу мәдениетін қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, миссия мен құндылықтарды ұжымдық түрде анықтау кез келген театрды өсіретіні рас.

🎭Патша көңілді көрерменге келсек. Бүгінгі театр көрерменінің бейнесі де сан алуан: біреуі сахнадан көркем әдеби тілмен өрілген диалог пен терең ой күтсе, енді бірі заманауи техникалық шешімдер мен LED-экраннан әсер іздейді. Қазақ театры алдында тарихи сабақтастықты сақтау мен заманауи көрерменнің талабына бейімделу міндеті тұр.

Дегенмен, сахна тек LED-экранмен емес жүрекпен сөйлесе, саналы көрерменнің қарасы көбейері анық. Ал бұл өз кезегінде зиялы қоғам қалыптастырудың күрделі жолы. Бәлкім, қазақ театрының басты миссиясы да осы болу керек шығар?…

Лязиза Керімқұлқызы, журналист, «Өмір. Театр. Кино» ютуб арнасының авторы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *