Ақ бұлақтар,

Алқынған

ақ бұлақтар!

Қазір – көктем,

Алдың – жаз,

Шапқылап қал!

… «Аралдың ақ бесігінде алаңсыз балалығы, Алатау баурайында жа­лын­ды жастығы қалған Сыр пер­зенті Жарасқанның осы бір жыр шумағы кешелі бері тіліме үйіріле бергені несі?» десем, оның ақ бұлақ­тарына ілесе жөңкілген кейінгі тол­қындардың бірі – біздің Ғазизаш, ақын қызымыз Ғазиза Әбілда екі жиырманың бесін қосып дөңгелетіп, әдемі жасқа кеп қалыпты-ау!

Бұл – жай, әдеттегі той емес, шы­ғармашылық иесі ел алдында есеп беретін жауапты кезең, жұлдызды сәт. Айта кетейік, Ғазизаның еңбек жо­лы аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінде қатардағы тілшіліктен аға тілші, жауапты хатшы, редактордың орынбасарынан бас редакторлыққа дейін көтеріліп, одан бері осы са­ла­дағы қызметін жалғастырып, об­лыс орталығына табан тіреген еді. Бүгінде ол Сыр руханиятының қара­ша­ңырағы саналатын, ғасырға таяу та­рихы бар облыстық «Сыр бойы» ба­­сылымында жұмыс істейді. Тәжі­рибелі журналист және талантты ақын. Шығармашылықтағы аяқ алы­сын байқаған соң болар, осы қызға әрдайым бүйрегім бұрып тұрады.

«Бақ біреудің маңдайына, бі­реу­­дің таңдайына бітеді» дейді ғой. Басқасын қайдам, Сыр елі таң­да­йы­на өлең-сөз біткен тума талант­тар­дан кенде емес. Соның бірі – туа­бітті талант иесі Ғазиза Әбілда! Ақын­ның жалынды жастығы екі ға­сыр тоғысындағы күрделі кезеңге тап келгендігін ескерсек, бұл буын өкілдерінің тұрмыстық тауқымет пен өлең жүгін қоса арқалауы оңайға соқ­пағаны рас.

Қазақ қоғамы нарықтық қаты­настың жаңа формациясына ауысып, балапан – басымен, тұрымтай – тұ­сымен қайғы болған ауыр кезең еді ол. Соның өзінде жігерін жасытпай, алтын асықтай ұл-қызын өсіріп, оған қоса, «Поэзия перімен көңіл қосып, Өлең дейтін өміршең бала таптым» деп тағы бір «перзентінің» тұсауын кесіп, сүйіншілеп жазатұғын Ғазиза­ны өлеңнің киесі – музаның өзі биік­ке көтергені айдан анық.

Жоғарыда айтқанымыздай, қол­ға қалам алып өлең жазбақ түгі­лі, қарапайым, ел қатарлы өмір сүру­дің өзі қиынға соғып тұрған 2001 жылдың қараша айында Қом­ша­бай ағасының (Жазушылар ода­ғы­ның облыстық филиалының же­тек­шісі) қолдауымен жас ақын-жа­зу­шылардың респуб­ли­калық се­минар-кеңесіне қатысып қайт­қан Сыр Ғазизасының бағы жа­нып, айы оңынан туған-ды. Сол жиын­да тал­қыға түскен жастар шы­ғар­­ма­лары ішінен оның «Ана мен адас­қан ұл» атты өлеңі жоғары баға­ланып, Тұманбай Молдағалиев, Ақ­ұш­тап Бақтыгереева, Қомшабай Сү­йенішов  сияқты қазақтың белгі­лі ақындарының алқалауымен аяқас­тынан Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшелігіне өткені – тағдырдың «тосын сыйы» еді-ау! Бар болғаны 26 жасында одақ мүшелігінің куәлігін қолға ұстау ол тұста екінің біріне бұ­йырмағаны анық. Содан бері сү­лей­лер салған  сүрлеуге түсіп, отты ойла­рымен, шуақты жырларымен шоқ­тай жанып ортамызда жүрген Ғази­заның табиғаты бізге етене таныс.

Ең алдымен, ол бірде шамырқана тасып, арнасынан асқан, бірде сая­быр­лай ағып, моп-момақан жатқан Сыр­дариясындай «мінезді» ақын. «Мінез – таланттан» деп бекер ай­тыл­маса керек-ті. Ол мінезі өлеңде­рінің өзегінен «менмұндалап» атой салып тұрады. Әр кезеңде алуан түр­лі тақырыптарда жазылған мына шумақтарға назар аударып көрсек:

– Тәліміңді айтасың, маған үлгі,

Таусылмайтын ереже, сабағыңды.

Өне-бойы тәртіпті оқушыдай,

Тыңдаудан да жалықтым,

сабағыңды…

Беу, дүние!

Шайыр қыз шәлкем-шәліс мінез танытып, өзі шырмалған шеңберден босап шығуға құштар! Тағы бірде ол шабыттана тасып-төгіліп, ілкі оқырманға ішкі сырын ашады:

– Ақиқатты Күн менен

Айдан біліп,

Астарына жете алмай, айлам құрып.

Ашылмаған жұмбақтай, ақырында

Жалған, сені кетемін,

қайран қылып.

Аһ ұрғанмен жүрмейді,

артқа уақыт,

Дүние – дәру болмайды,

даңқ та – бақыт?!

Жай отындай қақ жарып,

қара түнді,

Жалған, сені кетемін,

жалт қаратып!

Ғазизаның өзегін жарып шыққан сүбелі дүниелері қатарында диалогқа құрылған «Сейхунмен сырласуын» айрықша атар едім.

Сейхундария мен пері қызы – Перизаттың сырласуы аңыз-әф­санадан тұрса да, адамзат бала­сына айтары мол, мән-мағынасы ау­қым­­ды толғақты жыр! Бұған жеке тақы­рыппен кейінірек қайта соғар­мын. Өйткені оны сығымдап, аз сөз­дің аясына сыйғызу тіпті мүмкін емес.

Бұдан басқа, «қаратпа сөзбен» жұрттың назарын өзіне жалт қара­татын «Беу, дүние!» деп басталатын циклді-жырларын (шайыр қыз бұ тақырыпқа ауық-ауық соғып отыра­ды) аса жоғары бағалаймын. Алле­терация мен ассонанстарға бай, ды­быстық үйлесімге құрылып, алуан түрлі көңіл тебіренісін айшықтайтын моншақты өлеңдерінен бір үзік сыр:

– Беу, дүние!

Келешекке кезім көп алаңдаған,

Көңілімнің дауасын таба алмаған.

Тарам-тарам тұрлаусыз

ойым жатыр,

Тарқатылған бұрымдай,

таралмаған.

Саятшыдай, қызықтап аң аулаған,

Тапқан олжам тұрса да таяу маған.

Жолдас көріп біреуді,

жаңылысып,

Жүген ұстап көбіне жаяу қалам…

Ақын ең көп қалам тартқан та­биғат пен махаббат лирикаларын айт­саңшы, шіркін! Ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Ақынның «Мен-і» оқырманның өзіндік «Мен-іне» ұла­сып, бір бүтінге айналып тұра­тын бұндай лирикалық дүниелер өмір­шеңдігімен ерекшеленеді. Әсіресе та­биғаттың төрт мезгілін адам жа­нымен байланыстыра тәпсірлейтін суреткерлігі керемет!

– Кәрі ағаштың тұла-бойы

түршігіп,

Күрсінеді, көз жасына тұншығып.

Тарам-тарам тамырынан

бүр жарып,

Тағдырына талпынады

бір шыбық.

Көк тәңірге жасағандай

құлшылық,

Жазира бел жайқалады,

гүл шығып.

Міне, солай, алмасады бұл өмір,

Міне, солай, жалғасады тіршілік!

Осы арада біз «кәрі ағаштың та­мырына байланып көктеген бір шы­бық» арқылы өріліп отыратын өмір са­бақтастығын байқаймыз. Табиғат көз алдымызда тірі кейіпкерге айнал­ды. «Сөзбен кесте тігіп, дыбысқа жан бітіру – шеберліктің бір қыры» дер едік.

– Үмітті жалғап үзілген,

Ілгері басып бір адым.

Ағысқа қарсы жүзуге

Аңсарым ауып тұрамын, – деп өзі жырлағандай, Ғазиза ақын «әдебиет  дариясына» Күннің сәулесін, Айдың нұрын сіңірген нәзік сырларын қо­сып, өзі де бірге өріле алға жөңкіліп барады. Бұдан басқа не деуге болар, бұл – біздің, яғни адам өмірінің анық сипаты емес пе?!

Қатира ЖӘЛЕНОВА,

ақын, Халықаралық

«Алаш» әдеби сыйлығының, 

«Құрмет» орденінің  иегері

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *