Қызылорда облысы Арал ауданына тартылған инвестиция көлемі 16,5 млрд теңгеден асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге артты,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Бұл көрсеткіш аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарын баяндады.
– Бірінші жартыжылдықта ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім тіркеліп отыр. Ауданның кірісі ағымдағы жылдың 6 айында 7,6 млрд. теңгеге орындалып, болжам 102,0 пайызға артты. Оның ішінде, өз түсімдеріміз 2,6 млрд. теңге болып, 114,4 пайызға артық орындалған. Өнеркәсіп орындары 18,2 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өсім 5,1 пайызға жетті. Оның 70 пайызы өңдеу саласына тиесілі болып, 11,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Биыл аудан көлемінде жалпы құны 13,1 млрд. теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде «Ase Invest» ЖШС-нің «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру» жобасы мамыр айында жұмысын бастады. Жобаның құны 300 млн. теңгені құрап, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қалған 5 жоба жыл соңына дейін іске қосылады. Қазіргі таңда ауданда 4 853 бірлік шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, оның 96,3 пайызы тұрақты жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалармен қаржы институттары арқылы 739,6 млн.теңгенің 56 жобасы несиелендірілді. Сондай-ақ, 114,8 млн. теңге болатын 73 жоба грантқа ие болды,- деді Аманжол Сақыпұлы.
АРАЛ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ПЕН АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРУДА
Арал ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, құрылыс саласы мен халықты сапалы ауыз сумен қамту бойынша айтарлықтай жетістіктер бар.
— Биылғы жылдың басынан бері ауданда 6,3 млрд теңгеге жуық құрылыс жұмыстары атқарылды. Оның ішінде құны 2 млрд теңгеден асатын 15 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ауданда тұрғын үймен қамтуды жақсарту мақсатындағы жұмыстардың қарқынды жүргенін көрсетеді. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету — басты басымдықтардың бірі. Ағымдағы жылы осы мақсатқа 8 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 318 шақырым болатын су желілері жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақбасты елді мекені толық орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Ал Тоқабай мен Абай ауылдарына су тарту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Ерімбетжаға мен Тастүбек ауылдарын сумен қамту үшін де қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жүруде. Осы жобалар іске асқанда аудан халқының таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 95,9 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, тозығы жеткен «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының екінші желісін тарту басталды. Бірінші желінің 200 шақырымнан астам бөлігі 80 пайызға дейін тозған. Құны 40 млрд теңгеден асатын бұл жобаның нәтижесінде аудан тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен толық қамтылатын болады, — деді аудан әкімі.
АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰРҒАҒАН ҰЛТАНЫНА СЕКСЕУІЛ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экологиялық жағдайды жақсартуға ерекше көңіл бөліп, нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырмалар аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына алдағы бес жыл ішінде жалпы аумағы 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары жоспарланған.
— Арал теңізі құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 млн. га құраса, оның 2,2 млн. га жері Қазақстан Республикасына тиесілі. Осыған сәйкес елімізде биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөнінде ұзақ мерзімді кешенді жоспар бекітілді. 2021 жылдан бастап, 2025 жылдың көктем мезгіліне дейін Арал теңізінің құрғаған табанындағы 790,9 мың гектарға сексеуіл көшеттері мен тұқымдары егілді. Жоспар бойынша осы жылдың күз айында 15 мың га жерге сексеуіл көшетін отырғызу, 85 мың га жерге тұқым себу жұмыстары жүргізіледі. Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалар ел Үкіметінің және аймақ басшысының тікелей назарында екенін айта кеткен жөн. Осы мәселелер бойынша ауданға бірнеше мәрте үкіметтік делегация өкілдері келді. Тіпті әлемдік, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері экологиялық апат аймағында болып, теңізге деген жанашырлықтан туындаған әр бастамаға қаржылай қолдау беріп, жобаға жан бітіруге ынталы, — деді Аманжол Сақыпұлы.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *