«Қауырсын қалам» айдарының кезекті қонағы — Ақжол Түменбай. Кейіпкеріміз 1994 жылы 7 қаңтар Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ақтан батыр ауылында дүниеге келген.  Сырбойылық саңлақ Семей қаласында жоғары білім алды. М.О.Әуезов атындағы педогогикалық колледжінің «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімі  біліктілігін бітірген. Бүгінгі таңда туған жерге табан тіреп, еңбек етуде. Қазір Ақжолдың түрлі өлеңдеріне саз жазылып, қазақ эстрадасының  жарық жұлдыздары орындап жүр. Тыңдармандармен қатар, оқырмандардың да жүрек түкпірінде  сақталып, жастар жырларын жатқа оқиды. Әсіресе лирикалық сарындағы жазбалары көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

 Бүгін менің апамның туған күні

Балалық-ай, балпаңдап жазым басқан.
Тағдырыма мехнат жазылмастан.
Мына менің табаным жарақатсыз.
Ал апамның маңдайын əжім басқан.

Қадір қашқан менен де ұят налып.
Аспан неге жылайды жиі ақталып.
Ажарына апамның əжім түсті.
Əжемді жеңген тағдыр сияқтанып.

Көрмейсің бе тірліктің тербелуін,
Мен өмірге ал маған келді өмірім.
Есім кетіп әлди мен есіл үнге
Еңбектеуден басталды-ау пенделігім.

Апа мен қырт өмірді көксемедім.
Көксемеуге бар еді көп себебім.
Тоймай қалған қозыдай дүре тиіп.
Етегіңе оралып өскен едім.

Шөккен еңсе, ақ түскен тау ғұмырға.
Кəрілік кəрленеді жау қырында.
Аяғыңның астында аят болған.
Жұмақтың иісі бар жаулығыңда.

Мысқыл күлкі мүжіген мүрде мұңды.
Күпі киген қара өмір кімге нұрлы.
Бүкірейген апама қарап, білем.
Мен кімнің арқасында жүргенімді.

Тар құрсағын кеңітіп құндақтаған.
Емізген, еміренген қымбатты адам.
Тас емшегін жібітіп таңдайымды.
Ана сүтінен құрғатпаған,
Мен апамның жастығын ұрлап барам.

Қазақы үй, қарт ата-ана, тентегі бір,
Күрмеуге келмей қалған келте ғұмыр.
Əне-міне дегенше түгесілер,
Əжем айтқан əй жалған ертегі өмір.

Сөнді жұлдыз, құба таң бозарды да,
Болмай отыр болмағыр мазам жүдə.
Апамның туған күні өткен сайын.
Əжем келе береді көз алдыма…

«Барлық ақын-баласы бір ананың»
Мұқағали Мақатаев.

Жазмыштан, жалғыздықтан, жалқыдан,
Көше кезіп, бордай тозып бәлен жыл.
Жүрегінен Құдай иісі аңқыған.
Ақындары ішіп кеткен әлем бұл.

Шұрқыраған құлындары өлеңнің.
Бұрқыраған шылымдары шоқтанып.
Ей қара өлең сен қай жылы көнердің…
Қара басып, қайда кетті Ботпанов ?

Жалғыз өлең, жалғыз ауыз жылы сөз,
Жүрегіңді жарып шықса қайырлы.
Жалғыздықтың жанайқайы – ұлы сөз.
Тәңіріңді танып шықса қайырлы.

Ақын кеуде жанартауы өмірдің,
Жанып сөніп, талай өлең көз ілді.
Ит көңілім, неге сонша көп үрдің?
Өлмейтіндей сезесің бе өзіңді.

Бір ЖАЛҒЫЗДЫҚ бар ақынның наласы.
Тұл тірлікті құлдай болып кешкім жоқ.
«Барлық ақын бір ананың баласы»
Әкемізді танытатын ешкім жоқ….

***
Мен қазір 25 жастамын,
25 жыл бұрын,
Ғаламның жап-жарық аспанын,
Анамның ең жылы,
Құшаққа басқанын
Сезгенмін,
Сезімді, сөзімді,
Іңгәлап айтудан бастадым.

Сен мені кешірші Тәңірім,
Бұл менің өмірім,
Бұл сенің дүние жарығың.
Сәбиде періште жүрегім,
Фәниде пенделік қалыбым.
Ең алғаш,
Құдайды емес мен –
Анамды таныдым.

Жүрегім атқақтап, бесікте бұлқындым,
Көрмек боп жер беті жұмағын,
Еңбектеп далаға ұмтылдым.
Сол дала көзіне құм құяр,
Қомағай құлқымның.
Мен деген,
Бағы да, соры да.
Бес батпан шіркінмін.

300 ай, 25 жыл көрдім,
Өмірге өкпелеп,
Құдайға қол жайып үлгердім.
Періште ойларын оқыдым,
Жын қаққан түндердің.
Сүйдім ғой,
Сол сүйген жүрегім,
Қолында кетті екен кімдердің…

Адамның бақыты, адамның әттеңі.
Өмір ғой ал өмір,
Өлімнің алдында тәтті еді.
Көзіме көрсетші жанымды,
Жалғанның ақиқат сәттері.
Тек қана,
Тәңірдің тәпсірі жазылған
Маңдайым жазмыш дәптері.

Құрсақтан, құндаққа келгелі,
Қолдарым күнәһар,
Көңілім құсалы, шерлі еді.
Адамдар аяйды,
Аяса мүсіркер ең кемі.
Тыңдашы,
Кеудемде дұғамның күбірі.
Кешірші Тәңірім сен мені.

***
Ботадай боздап аспан жылайды.
Алдайды бәрін түлкі-үміт.
Жапырақтардан жас тамшылайды.
Жапырақ жүрек бұлқынып.

Созады қолын жетім көңілім,
Құдайын аңсап барады ол.
Дұшпанкөз біреу секілді өмірім.
Өтірік күле салады ол.

Қандай адамбыз, неткен дүлейміз.
Қарлығаштарым қоныңдар.
Жерден таппасақ, көктен тілейміз.
Ол жақта қандай өмір бар?

Жалғызсыратып жұтар әр күйді,
Қағидат бәлки шариғат.
Сезесіңдер ме жұпар аңқиды.
Жаңбырдан кейін табиғат.

Жауады жаңбыр, кейде өкініп.
Ойнайды өмір күйсандық.
Жауған жаңбырды үйде отырып.
Тәңірдің нұры дей салдық.

Бәлкім ол менің анамның жасы,
Ғаламның жасы, наласы.
Жарық дүниені қараң қылмашы.
Ей, Адамзаттың баласы.

Жылап тұр аспан, жұбата алармыз,
Күліп тұр оған көп күнә.
Пенделер біздер күнәһарлармыз.
Періштелерде жоқ кінә.

Ғаламды былғап ғасыр өткенде,
Тәңірден рақым сұрамай.
Жұмыр жер толса қасіреттерге.
Көк аспан қайтсін жыламай…

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *