Айтарым бар
Мінез
Қазақы тәрбие алған, соның рухында өскен адамдардың қатары қалың емес. Олар бұрын да көп емес еді, бәлкім, өкінішке қарай, солардың соңғы жағы біздер болармыз. Ауруын жасырған өледі, ондай айқынды бұқпантайлап қайтеміз. Біз өскен ауылда түліктің төресі түйе еді. Жарықтық, апталап су ішпеуге, қара жыңғылдың түбіртегі қалғанша нәр сұрап, қыңқ етпеуге бар маң даланың кемесі ғой. Біз білген жерде төрт аяқтыда ондай салмақты жануар жоқ, мінезі мен қоңының есебін қатар қосқанда. Бір жаман жері: мінезді, кек сақтайды, онысын — біреуден көрген жақсылығы мен жамандығын өмірі ұмытпайды, күтіп жүріп, оңтайын келтіріп қарпып һәм тарпып, шайнап, үстіне шөгіп, жаншып жібереді. Адамның бойындағы мінез деген қасиет жік ашып жерден шықпайды, көктен де түспейді, ол алдымен кісінің бойына кіндік қаны тамған топырағынан, сол жердің ерекше энергиясынан, содан соң баққан түлігі мен жеген тағамынан жұғысты болады. Қалғаны кейін түрлі тәрбиемен, заман ағына қарай мамандығымен қалыптасады. Менің сөзіме күмәніңіз болса, бір Қазақстандағы түрлі аймақтардың пенделерінің бойындағы мен айтып отырған ерекшеліеті ойша салыстырып өте қойыңыз. Біз сол түлікті басты байлықтың нышаны санайтын, қысы-жазы тек түйенің етін жейтін, садақа-ас пен соғымға болмаса, тойға түйе соймайтын, ахиретке бет түзеген әкесінің сүйегін кенже баласының қолына бұйдасын ұстатып, бақидың көшін түйеге бастататын, бұл түлікті о дүниенің, яғни мәңгіліктің нышаны деп ұғатын, түйеге көш артып, шықшан қыз шиден тысқары (өлі. — авт.) салтымен ұзатылған қыздың көшінің салтанатын осы түліктің түріне ғана жүктейтін ауылданбыз. Сол үшін де, кейде біздің де мінезіміз бура сияқты, әсіресе қаңтар айы келіп, бұл қасқаң ішін тартып, күйтіне келіп жарап, келесін түгел келістіргенше нәр сызбауға бекініп, екі көзі қанталап, аузынан ақ көбік пен көк көбік қатар бұрқырай бастағанда.
Берік ЖҮСІПОВ