Әманда әйел-ана – тірліктің қайнар бұлағы. Заман қарыштап алға жылжып, тұрмысымыз өркендеген сайын, қоғамның қай саласында да кәсіптің көрігін қыздырып, тірлігін көріктендіріп жүрген әйелдердің саны артып келеді. Олардың отбасында аналық қызметін атқарып, түзде кез-келген ер адамның иығы көтере бермейтін жұмысты қолға алып, таразы басын тең ұстап жүргендігі таңдай қақтырмай қоймайды. Ауданымызда да  ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін нәзік жандыларды қолдау жанданып, олар үшін көптеген жақсылықтар жасалып келеді.

Апта басында Тайпақ ауылында ауданымыздың іскер әйелдерінің басын қосқан «Әйел және бизнес. Жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы форум өтті. Мұнда кәсібін өрге сүйреген нәзік жандылардың үздік кейстері насихатталды. Форумға қатысушылар алдымен осы ауылдағы жүн өңдеу цехының жұмысымен танысты.

Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Сейткереева жетекшілік ететін цех ашылғанына аз уақыт өтсе де, аудан-облыс асып, республикаға танылды. Соңғы екі жылда бірнеше халықаралық көрмелерге цех шеберлерінің қолынан шыққан өнімдер қойылып, Ұлыбритания, Германия, Италия сынды шет елдегі жұртшылық тамсанды. Жапониядан Тайпаққа дәріскер Акихиса Карагучидің арнайы келіп, жүн өнімдерін дайындау бойынша құнды кеңес бергені де күні кешегідей. Алғашында цех ісмерлері жүнді жуу, тазарту, түту, басу сынды жұмыстарды қолмен атқарып келсе, бүгінде бұл процестердің бәрі автоматтандырылған. Жуырда Л.Мұратқызы «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алып, қажет техниканы Ресейден алдыртты. Қазір цехтан сувенирлік бұйымдар, аяқ киім, бас киім, көрпе, сөмке шығарылып, жүнді түту, жуу қызметтері көрсетіледі.

Осыдан соң әйел-ана, қыз-келіншектер мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп бастау жөнінде, бизнесті өрістету бойынша шеберлік дәрістерге қатысып, білім-біліктерін шыңдады. Шара аясында аудан ісмерлерінің қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Бүгінгі дәуір – қолынан іс келетін, алғыр, шебер және жұмысына адал, еңбекқор, бәсекелестікке қабілетті жандардың заманы. Сондықтан небір кәсіпті ұршықтай иірген әйел-ана, қыз-келіншектердің қалың легі сұранысқа ие саланы жетік меңгеріп, халыққа сапалы қызметтерін ұсынуда. Олардың басын біріктірген аудандық іскер әйелдер кеңесінің жұмысы да жыл санап қарқын алып келеді. Ауыл-елді мекендердегі іске бейім нәзік жандыларға жаңа бағдар көрсетіп, нарықтың заңдылығын ұғындырып, бизнеске бетбұрыс жанданды. Форумның пленарлық мәжілісінде еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында аудан-облысқа танымал болған әйел-аналар сөз сөйлеп, ауыл-елді мекендерден жиналған, кәсіп бастауға ниетті, бизнесте алғашқы қадамын жасаған жандарға үлгі болды.

Тәуелсіздігімізді алып, ұлттық құндылықтарымыз жаңғырған осы күнде текемет  тоқу, киіз басу, ши өру, кәдесый, тұмар, құрақ, шапан, қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киімдерге сұраныс артып келеді. Аудан ісмерлерінің қолынан көздің жауын алатын осындай құнды дүниелерге облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерде сарапшылар жоғары баға беріп жатыр. «Мал жұтаса да, өнер жұтамайтынын» форум аясында ұйымдастырылған сәнді көрме анық дәлелдеп берді. Осы жөнінде ой бөліскен аудан әкімі Мұрат Сердалин форум қатысушыларына сәттілік тілеп, ынталы жандарға қолдау молынан екенін айтты.

– Қымбатты кәсіп иелері, болашағын адал еңбекпен көркейткісі келетін нәзік жандылар, сіздердің үлгілеріңіз, бастамаларыңыз, ынта-ықыластарыңыз аса бағалы. Бұл Жұмысшы мамандықтар жылында одан сайын айшықты көрініс табуы тиіс деп есептейміз және осы мақсаттағы жұмыстарда сіздерге сенім артамыз. «Кешеден келдік бүгінге» деген, осындайда үлкен ауданымыздың шежіресінен сәл де болса, мысалдар келтіре кеткен жөн. Мұның әйел-ананың қадір-қасиетін түсініп, санамызда бекітуде маңызы зор, – деген ол ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тірлігінде айшықты із қалдырған алдыңғы буын өкілдерінің еңбегін аса жоғары құрметпен атап өтті.

Пленарлық мәжілістің мінберінен сөз алғандар ұлтты тәрбиелейтін ананың бүгінгі қоғамдағы рөлі, үй мен түздегі жұмыста таразы басын тең ұстау міндеті жүктелген нәзік жандыларға құрмет төңірегінде әңгіме тарқатты. Әрқайсысы өз өмірін, жеке кәсібін шынайы мысалға келтіріп, әйелдер күш салса, алынбайтын қамалдың жоқ екендігін тілге тиек етті.

Қолөнер шебері, зейнеткер, бүгінде Орал қаласында тұратын Сәуле Нұрғалиева кәсіптің жас талғамайтынын, егде тартқан шақта да табысқа жетуге болатынын айтқаны залдағы тыңдармандарға ерекше ынта-жігер сыйлағаны анық. Ол алдымен жастайынан келін болып түскен Тайпақ жұртшылығына басын иіп, құрметін көрсетті. Осының өзі әйел-ананың ізеттілігі, кішіпейілділігі, жылылығы, мейірім-шапағатының көрінісіндей әсер қалдырды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 11 200 шаршы метр алаңға жайылған 450 көрпені құраған қолөнер шеберлерінің қатарында болып, есімі КИНЭС рекордтар кітабына енген С.Нұрғалиева құрақ көрпе жасаудың да қыр-сырын бөлісті.

Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова ауданымыздағы ханым-бикелердің талпынысына оң баға берді. Ол 700-ден астам мүшесі бар кеңестің жұмысына тоқталып, әйелдер бизнесін дамыту мақсатындағы жобаларды таныстырды.

– Шағын бизнес аты шағын дегенімен – ел экономикасының негізгі тірегі. Бизнестің осы саласындағы әйелдердің үлесі 50 пайыздан астам. Бағалай білсек, бұл үлкен күш, қуат. Сондықтан кәсіпкер жандарға алған бағыттарыңнан таймаңдар дегім келеді, – деді ол.

Ал, танымал тележүргізуші, кәсіпкер Гүлназ Әлімгерей «Мемлекетімізде әйел-ананың тұғырдан түспеуіне барлық мүмкіндік бар. «Отбасы, ошақ қасы» деген сөз бұрынғынікі, қазіргі әйел – үйдің де, түздің де адамы. Бала өсіру, отбасының қамымен қатар бізге елімізді өркендету миссиясы ерлермен тең жүктелген. Өкінішке қарай, қоғамда қазір масылдық, мемлекетке алақан жаю басым. Сондықтан іскер әйелдер жұмылып, тірлікті түлеткің келсе, тек өз еңбегіңе күш-жігеріңе сүйену қажеттігін көрсетейік» деді.

Белсенді іскер әйел, ақбұлақтық зейнеткер Қарлыға Молдағалиева болса, ауылдан адамдардың көшіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл көшті тоқтатудың бірден-бір шешімі ауылда өндіріс орындарын ашу екенін айтты.

– Ауылда жұмыс жоқ дегенге тіптен келісе алмайды екенмін. Ал осыны желеу етіп қалаға үдере көшіп жатыр жұрт. Ауылды сөйтіп арытып алмайық. Бір-бірімізді қолдасақ қана, ауылды сақтап қаламыз. Сондықтан қолынан іс келетін әйел-аналар болып ауылда кәсіпкерлік нысандарын ашқан жөн. Өзіміз ауылды өркендетпесек, даладан ешкім келіп, ауылымыздың тұрмысын түзетіп кетпейді, – деді ол.

Форумды түйіндеген Ләззат Сейткереева жүн өнімдері цехының ашылуы, бизнес бастауында кездесетін түрлі кедергілерді қалай еңсергендігін айтып, кәсібіне қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын білдірді. Форум жұмысының нәтижесінде қарар қабылданды.

Әлия ШАРАПИЕВА, Ақжайық ауданы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Басты жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *