«Қауырсын қалам» айдарының қонағы —Әділет Орынбасаров. Ол 1993 жылдың 25 қазаны күні Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор кентінде дүниеге келген.
«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
«Тау баласы» және «Біз Дендерденбіз» атты жыр жинақтарының авторы.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы, Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінде директор-редактор болып қызмет атқарады.

 

БІЗДІҢ КӨШЕ

Сағыну да…
Аңсау шығар тегі бұл,
Кеткеннен соң армандарға еріп ұл.
Үздім неше көз жасымды соны ойлап,
Біздің көше- бөлек әлем еді бір.

Өлеңімнен сағыныш күй сәл аңғар,
Өміріме өлең ойлап табам дәл.
Әр кеседе пейіл тұнған,
тұрады,
Тар көшеде көңілі кең адамдар.

Анау жерде топырақты шашып ем,
Анааау жерде көрші апайдан қашып ем.
Түсінгенім,
Алыстағы туғаннан,
Жақындағы көршің артық расымен.

Сағыныппын.
Кеш түсінді соны ақын,
Тентек болып шыққан жер ғой мол атым.
Түске дейін тыныш жатқан бұл көше,
Түстен кейін азан-қазан болатын.

Әңгіме айтып, жинайын деп күш, талап,
Немересін тысқа қарай нұсқап ап.
Әрбір үйден бір-бір әже шығатын,
Қолдарына бір көрпеден ұстап ап.

Оралмас сәт ауыртады жанды айқын,
Әжелер-ай,
Көңілдері қардай тым.
Саясат пен сериалды айтқан сол топтан,
Өткен-кеткен адам да тыс қалмайтын.

Балалар мәз.
Тоқ заманда тоқ туып,
Тілдері де балдай әрі отты, уыт.
Бір топ қыздар жасырынбақ ойнап жүр,
Бір топ бала барады әне доп қуып.

Қазір маған осы уақыт ең ескі,
Ең ескі де…
Сағым кезең, көмескі.
Бір топ еркек — айтқандары футбол да,
Бір топ әйел- шаққандары шемешкі.

Балалығым!
Жанымды әркез қажайды,
Сол көшеде өткізгесін аз айды.
Жылдар салды көшемізге өзгеріс,
Әжелердің саны біраз азайды.

Рас болып тұр әжем айтқан дерегі,
«Бәлду-бәлду бәрі өтірік» дегені.
Доп қуатын балалардың орнына,
«Компьютербас» сәби өсіп келеді.

Біздің көше!
Бөлек әлем-расын ұқ.
Сол көшеде шаттық қалды шашылып.
Көшемізге асфальт салып тастапты,
Бал сәтімнің ізін түгел жасырып…..

МЕН – МАХАМБЕТПІН!

Қарой болып қатуланып,
Дендер болып дем бердім,
Орда болып оқыранып,
Сәуегейдей сенделдім…
Ғасырлардың ғаламатын өлеңіме сыйдырып,
Махамбет боп Мен келдім!

Рухпенен суарғандай әрбір ғазал әрібін,
Бұ қоғамда әділетті таба алмадым,
Арыдым…
Махамбеттің жалғасы бар,
Естимісің, ей Дүние?!
Өлмегенді өлді деуге болады ма, Тәңірім!

Ия, мен -Махамбетпін!
Салауат айтып Иеге,
Рас, жағылған маған күйе де!
«Сабыр ет» деген жұртпын МЕН
Лағынет айтқан жүйеге!

Баймағамбеттерді байқадым,
Қарашы, даламды жайпауын,
Құр ұран,
Құр сөз,
Айқайын!
Дей де ме елді байытамын?
Жақпайды бізге ол да аса,
Барлығы , бәрі далбаса!
Махамбет болып сілкініп,
Махамбет болып күлт ұлып,
Шабыт шалабын шайқадым,
Махамбет болып толғатып,
Махамбет болып айтамын!

Босаға шатысып төрменен,
Көк атты озып көлденең,
Заманға қарап бүгінгі
Он аунайды ма өр деңең?
Жәңгірің жүр ғой жайпап жеп,
Билігің – сақау, ол – керең!
Шернияздар бар ма?
Жырласын!
Халқың қана ма шөлдеген?
Ықылас – заман әлі бар,
Махамбеттер де өлмеген!

P.S. Сол сұмдықты бұ қазақ татар ма екі?
Дендер асып Оралыма қаһар жетіп.
Әр қазақтың бойында Махамбет бар,
Әр заманның болған ғой Махамбеті!

БІЗДІҢ ҮЙ

Ескірмейтін естеліктер «жыққан» мың,
Соңына еріп будақ-будақ бұлттардың.
Жылдар сайын шөгіп бара жатырған,
Мен осынау қараша үйден шыққанмын.

Сол қараша үй.
Емес еді жаңа тым,
Бала едім ғой қатаймаған қанатым.
Жаңбыр жауса тамшы ағатын сол үйде
Қуаныштың жасы ғана таматын.

Кері қарай айналдырсам таспаны,
Жанарымыз суланады. Рас бәрі.
…ескі көрпе,
ескі жиһаз,
ескі үйім,
Мені жаңа белестерге бастады.

Әжеміздің мейіріміне жылынып,
Тез есею — шын бақытқа бір үміт.
Хат жазамын ғашығыма сол үйде,
Әкем менен анашымнан тығылып.

Сол үйде тек еш алаңсыз күйге ендім,
Үлкендерге тік сөйлеуге имендім.
Құтты қонақ арылмайтын сол үйден,
Мен кеңдікті
Дархандықты үйрендім!

Қараша үйлер.
Шамшырағың ол сіздің,
Қызығы жоқ мына өмірдің онсыз дым.
Төбесінде кіп-кішкентай сол үйдің,
Биік-биік армандарға қол создым.

Уақыт өтті.
Сол бозбала жетілді,
Асуларға шыққандай ма не түрлі…
«Өмір» деген сапардамын.
Соңымнан,
Сол қараша үй қарап тұрған секілді….

ОЛ ЖОҚ МЕКЕН…

Ол жоқ мекен тұманды,
Сайқалдар жүр бірін-бірі мың аңдып.
Ол жоқ жердің адамдары сұрықсыз,
.. Шырқай алмай келемін ғой жыр-әнді.

Ол жоқ мекен тым суық,
Оны ойлаумен бір ысимын, бір суып.
(Сол мекенде қуанам ба гөзәл-қыз
Жалғыз сені кездестірер күн туып?!)

Жанарымнан байқалмайды сол ұшқын,
Мен мен емес.
Қоғам менен қорықсын.
Ол жоқ жерде оқылмайды өлеңім,
Әзілдер де айтылмайды жолүстін.

Ол жоқ мекен жаңбырлы,
Сол ару ғой көркем етер бар қырды.
Сол бір мекен ғашығымды шақырмас,
Мені де ол ғашығымсыз қалдырды.

Ол жоқ мекен » данышпан».
Сезім де жоқ.
Жай әйтеуір шаңы ұшқан.
Ол жоқ мекен: таяз ойлы пенделер,
Ол жоқ мекен: жүрексіздер табысқан.

Тек алдымнан кездескендей шыңырау,
Шыңыраудан құлап кеткен жырым-ау…
Сен жоқ мекен…
Жалғыздықтың ордасы,
Мен жоқ мекен дәл сондай ма, күнім-ау?!

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *