Серік өмірден өтерден бір күн бұрын телефон соқты.
-Түркияға кетіп барам, ота жасатам.
— Өзіңе ме, әйеліңе ме?
— Өзіме…
— Жолың болсын!
— Мен жақсы өмір сүрдім ғой, Қуаш!(ол екі жас үлкендігін алға сап Қуаш дейтін).
— Жаман өмір сүрген жоқсың.- Асығып тұрғанымды айттым да, әңгімеміз шорт үзілді.
Сөйтсем, мен емес, ол өмірден кетуге асығып тұр екен. Отасы ойдағыдай өтіпті, бірақ араға ай салып, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.
Серікті о дүниеге қимаймын, бірақ Алланың қалауына наз айтуға болмайды. Ол — он төртте, мен — он екіде, егіз қозыдай боп басымыз қосылды. Оның сәтті жолдары мен сәтсіз қадамдарының бәрі-бәріне куәмін. Ол — дара тұлға еді. Алқынып сөз сөйлесе де, шертіп темекі шексе де, баскетбол ойнап, ала допқа жанұшыра ұмтылса да өзіндігін танытып, көзге ерекше көрінетін. «Мен он тоғыз жасымда жазушы атандым ғой» десе, 2- курста «Жалғасым менің — жалғасым»- ды Дулат Исабеков автоқаламмен жазылған қолжазба күйінде оқып, «Жалынға» жариялап жіберді. Ол енді қатар- құрбы арасында Серік емес, «Жалғасым менің» атанды. Ерте үйленді, «тұңғыш» жеңешемнен өмірге Жалғас келді. Ол Серіктің ошағын маздатқан жалғасы боп отыр.
Үш жеңешем қосылып жоқтау айтып, ақырғы сапарға аңырап шығарып салды. » Серік, сенде арман жоқ» дедім қайғырып тұрсам да, бір сезім селт еткізіп. «Мен түбі Сәкендер жатқан жерге жатам»,- дейтін қаны ойнаған кездері қызбалыққа салып. Аманатын бір сәт еске алып, 37- де «халық жаулары» көмілген Жаңалықтағы қорымға жайғастырдық. Мәңгілік мекенін де өз қалауымен таңдады. Ол аузымен айтқанды қолымен істейтін бірбеткейдің өзі еді. О дүниеге де солай аттанды.
«Бетпақдала — шөл емес»-ті кім жазды? «Сал үстіндегі маусым»-ды кім бастан өткерді? «Тайбурыл» мен»Жігіттің сұлтанын» кім түсіріп, көгілдір экранда көрермен қазақты көз ләззатына кім бөледі?
Серік жігіттің сұлтаны еді. Ол кісіден сескенуді білмейтін, үлкеннің алдында кішірейіп, кішінің алдында дара тұлға боп тұратын. Өмір деген өткір қылыштың қақ маңдайына да қасқая қарап өтті.
… — Партшколға оқуға түстім,- деді телефон соғып.
— Астапыралла! Енді партия жарықтық да ұзамайтын шығар…
Екі жыл Жоғары партия мектебінде оқып, марксизм — ленинизм теориясына малшынды, бірақ коммунизм идеясын мойындамай кетті, «саяси экономия мен»Капитал» бізге тәуелсіздік алып бере алмайды» дегенді бір дау- дамайда бұлқынып тұрып айтып салды. Айтқандай -ақ, өзі Жоғары партия мектебінің соңғы түлегі атанып, коммунистік мектептен өткен «осындай совет адамы» ретінде құжаты қалды.
Серік ортамызда жоқ, орны үңірейіп тұр. » Қуантай!» деп бастап, жөткірініп- жөткірініп отырып айтатын қиыннан қиыстырған әңгімелерін сағынып жүрмін. Ол — шындық пен аңыздың арасындағы болмысы бөлек біртуар. Байхонов — біреу!
Ол сәл үстінде жалғыз өзі ескек есіп кетіп барады…
Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Елеулі есім

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *