Кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлын біз көбіне ойшыл, ағартушы ретінде ғана танып, оның өз дәуірінде ауқатты, ірі шаруашылық иесі болғанына жиі назар аудара бермейміз. Осы ретте Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұлы тұлғаның болмысын толық тануға мүмкіндік беретін тарихи деректер ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Абай Құнанбайұлының арғы аталары да, әкесі Құнанбай Өскенбайұлы да – би, болыс, ел басқарған, сөзі де, өзі де салмақты адамдар болғаны тарихтан мәлім. Осындай отбасында дүниеге келген Абайдың да жастайынан ел ісіне араласып, басқарушылық қабілеті ерте танылды.

1915 жылы жарияланған тарихи деректерге сүйенсек, Абайдың иелігінде 593 жылқы (оның ішінде 108 жабағы мен 167 құлын), 51 сиыр, 51 түйе, 1 417 қой болған. Бұл – жай ғана мал саны емес. Бұл – қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың көрінісі.

1878 жылы Абай Семейде құрылған облыстық статистика комитетінің толық мүшесі ретінде тіркеліп, өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық, этнографиялық, мәдени жағдайын зерттеуге белсене қатысқан. Бұл комитетке мүше болу – тек атақ емес, ол адамнан белгілі бір дәрежеде сауаттылықты, қоғамның дамуына бейжай қарамайтын көзқарасты талап етті. Абай бұл міндетті абыроймен атқарып, өлкенің дамуына үлес қосты.

Абайдың мал-мүлкі туралы мәліметтер – жай ғана сандық дерек емес. Бұл – оның тұлғасының жан-жақтылығын, өмір сүрген ортасын, сол дәуірдегі қазақ қоғамының құрылымын тануға мүмкіндік беретін тарихи айғақ.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *